Бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігі, кибербуллинг, онлайн платформалардың, әсірі зор болып тұр. Соның ішінде TikTok әлеуметтік желісінің жастарға теріс әсері жөнінде ҚР Парламенті Сенаты мінберінен депутаттық сауал жолдадық.
Артынша Парламент Мәжілісіндегі «Аманат» партиясының депутаттық фракциясы да TikTok-тың жастардың психикалық денсаулығына кері әсері барын айтты. Осыдан кейін Үкімет басшысынан платформаны шектеуді сұрадық.
Депутаттардың талабы бойынша тиісті министрліктер ел аумағында жұмыс істейтін әлеуметтік желілердің заңнамаға сай жұмыс жасауына талдау жүргізді. Нәтижесінде қолданушылардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қатаңдататынын мәлімдеген болатын. Алайда, бүгінгі таңда TikTok парақшаларындағы контенттерді қарай отырып, платформадағы сүзгі тетіктерін әлі де жетілдіруіміз қажеттігін пайымдайсың.
Жастарымыз жат құндылықтар жетегінде кетпесін
TikTok-тың 80 пайызға дейінгі қолданушыларының 13-24 жас арасындағы жастар екенін ескеріп, еліміздің болашағына кепіл ұрпақты жат құндылықтар жетегінде кетуіне жол қойып отырғанымызды ертерек түсініп жетсек жөн болар еді.
Осы орында TikTok алгоритмдері «ақпараттық көпіршіктерді» жасай алатынын ұмытпағанымыз жөн. Өйткені, бұл алгоритм пайдаланушыларға ақпараттың әртүрлілігін шектейтін, олардың көзқарастары мен қалауларын күшейтетін мазмұн ғана көрсететін құдыретке ие. Бұл пікірлердің манипуляциясы мен жалған ақпаратқа әкелуі мүмкін дейді мамандар.
Олай болса соңғы уақытта елімізде оқушылар арасында өз-өзіне қол салуларға қатысты өкінішті жағдайлардың көбеюі мен TikTok алгоритмі арасында бір байланыс бар.
Еуропаның көп мемлекеттерінде TikTok желісінің тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кепілдіктерінің деңгейін анықтау бойынша тексерістер жүргізілгені бекер емес. Тексеру нәтижесінде балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіні анықталды. Еуроодақ тарапынан, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды елдері тарапынан TikTok-қа қатысты миллиондаған долларлық соммадағы айыппұлдар салынды.
Түркістандағы Құрылтай барысындағы сөзінде Мемлекет басшысы: «…қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, өте қауіпті үрдіс. …Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз!» деп атап өткен болатын. Осыны ескеріп, өскелең ұрпақтың тағдырына, мемлекет мүддесіне теріс әсерін тигізетіндігін ескере отырып, тез арада бұл олқылықтарды жою жолдарын шұғыл қарастыруымыз қажет деп есептеймін.
Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

