Қазақстанда халықтың көңілінен шықпай, көпқабатты үйлердің арасында бітпейтін дау-дамайға ұласқан тұрғын үй заңнамасына тағы да кешенді өзгерістер әзірленіп жатыр. Парламент қабырғасында Мүлік иелерінің бірлестігі (ОСИ) мен пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) жұмысын қайта реттейтін жаңа түзетулер топтамасы қызу талқыға түсті. Осымен нешінші рет өзгертіліп отырған реформаның нақты нәтиже беретініне қатардағы тұрғындардың сенімі азайып барады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тұрғын үй заңына кезекті түзетулер
Жаңа заң жобасы ең алдымен үй басқарушылары мен төрағалардың жауапкершілігін нақтылауға, жиналған қаржыны қорғауға және төрағаларды ауыстыру рәсімін оңайлатуға бағытталған. Қолданыстағы заңдағы көптеген талаптар нақты өмірмен қабыспай, үй басшыларын негізсіз сот пен айыппұлдың құрбанына айналдырып отыр.
Сонымен қатар жаңа құжатта пәтер иелерінің ортақ жиналысын өткізу тәртібі, тұрғындардың аты-жөні мен мүлік мәліметтеріне қол жеткізу, банк шоттарындағы қаражатты үшінші тұлғалардың бұғаттауынан қорғау тетіктері қарастырылған. Депутаттар түзетулер жұмысын жыл соңына дейін аяқтап, басқару жүйесін барынша ашық етуге уәде беруде.
Төраға бүкіл ғимаратқа бір өзі жауап бере алмайды
Заң жобасын әзірлеушілер үй басшыларына артылған міндет пен олардың нақты құзыреті арасындағы қайшылыққа назар аудартты. Бүгінде үйдің қасбеті опырылса немесе құрылысшының салғырттығынан инженерлік желі жарылса, соның барлығына сот алдында ОСИ төрағасы жауап беріп қалу қаупі бар. Жақында кондиционердің құлауынан адам қаза тауып, жаңадан сайланған төрағаның сотқа тартылуы қоғамда үлкен наразылық туғызған еді.
Парламент депутаты Екатерина Смышляева заңдағы тым бұлыңғыр баптарды нақтылап, нарықты ретке келтіру қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, үйді басқару тек бір адамның еркіне емес, тұрғындардың ортақ шешіміне тікелей байланысты.
«Заңда тым кең жазылған бірнеше бап бар. Мысалы, төраға тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге міндетті деген талап қойылған. Шын мәнінде олай емес, төраға оны жалғыз өзі жасай алмайды. Сондықтан біз бұл бағытта нақты түзетулер енгіземіз. Екінші мәселе – төрағаларды оқыту. Өкінішке қарай, қазір үйлерді басқару нарығын кәсібилендіру ісі белгілі бір дәрежеде тығырыққа тірелді. Сонымен қатар цифрландыру, пәтер иелері туралы мәліметтерді алу және төрағаларды ауыстыру бойынша да шешімін күткен маңызды мәселелер бар», – деді депутат.
Ауладағы алауыздық пен шешілмеген түйткілдер
Реформа басталғалы бері көпқабатты үйлердің тұрғындары екі лагерьге бөлініп, өзара жауласуға көшті. Пәтер иелерінің ортақ тіл табыса алмауы, дауыс беру кезінде кворумның жиналмауы, қолдан жалған хаттамалар жасау секілді келеңсіздіктер толастар емес. Көптеген үйлерде ескі ПИК құжаттарды бермей созса, жаңа құрылған ОСИ қызмет көрсетуші мекемелерге қарыз болып, тығырыққа тірелуде.
Көршілер арасындағы даулар сот кабинеттерін толтырып, ақырында коммуналдық қызметтің сапасы төмендеп кетті. Жарығы сөнген кіреберістер, жөнделмеген лифтілер мен қоқысқа толған аулалар – шенеуніктердің ойлап тапқан жаңа үлгісінің шынайы көрінісіне айналды.
Ertenmedia ракурсы: Реформаның «сансара дөңгелегі»
Қазақстандағы тұрғын үй реформасы шенеуніктер мен халық арасындағы шексіз «сансара дөңгелегін» еске салады. Бәрі басталғанда министрлік «ПИК жүйесі кеңестік ескі қалдық, оны түбірімен жойып, әр үй өз мүлкіне өзі қожайын болуы керек» деп халықты жаппай ОСИ құруға мәжбүрледі. Барлық қарсылыққа қарамастан, реформа күштеп таңылды.
Арада бірер жыл өткенде жүйенің толықтай күйрегені мәлім болды. Қарапайым халықтың үйді дербес басқаруға дайын еместігі, шағын үйлердің шығынды жаба алмайтыны белгілі болған соң, билік шегініс жасап, ПИК пен қарапайым серіктестіктерге қайта рұқсат беруге мәжбүр болды. Енді міне, сол қателіктерді жөндеу үшін заң тағы да шұғыл қайта жазылып жатыр.
Шенеуніктер кабинетте отырып қағаз жүзіндегі мінсіз теорияларды ойлап табады да, оны өмірлік тәжірибеде сынап көреді. Ал зардабын күнделікті тұрмысы бұзылған қарапайым қазақстандықтар тартады. Кәсіби басқарушылар мектебін қалыптастырмай, сервистік компаниялар арасында шынайы бәсеке туғызбай және жергілікті тұрғын үй инспекцияларының жұмысын ашпай тұрып, заңға қанша жерден түзету енгізсең де, одан ештеңе өзгермейді. Реформаның айналасындағы бұл шексіз әурешілік жауапты министрліктер мен депутаттардың нақты нарықтық механизмдерді түсінбей, бір қатені қайта-қайта айналып жүрген қауқарсыздығын ғана көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







