Атырау облысының прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты заңсыз сатып алғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қадағалау органы Жайық-Каспий бассейнінің экологиясын қорғау және биоалуантүрлілігін сақтау маңызды бағыттардың бірі екенін мәлімдеді. Әсіресе сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар мен балық түрлерінің заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр. Олардың қатарында бекіре тұқымдас балықтар мен уылдырық бар.
Прокуратураның мәліметінше, браконьерлік өнімге сұраныстың болуы заңсыз балық аулауды күшейтеді. Яғни мәселе тек балықты заңсыз аулаған адамда ғана емес, оны сатып алатын тұтынушыда да жатыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысында экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркелген. Сол жылы 11 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданып, 10 адам сотталған.
Қылмыстық кодекстің 339 және 339-1-баптарына сәйкес, сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулаған адамдар ғана емес, оларды сатып алған, сақтаған, сатқан немесе тасымалдаған тұлғалар да жауапқа тартылады. Демек, күмәнді жолмен алынған бекіре мен уылдырықты сатып алу да қылмысқа қатысу ретінде бағалануы мүмкін.
Биыл Атырау тұрғыны осындай іс бойынша сотталған. Оның көлігін тінту кезінде 501,9 келі бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленген. Сот оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар 304 млн теңгеден астам материалдық залал мен мемлекеттік бажды өтеуге міндеттеді.
Атырау облысының прокуратурасы азаматтарға заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Жеке адамдардан рұқсат құжаты жоқ, шығу тегі белгісіз балық пен уылдырық сатып алған адам браконьерлік нарықты қолдап қана қоймай, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі еліміздегі авто мектептердің қызметін тексеру шараларын жүргізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







