Cоңғы апталарда Ресей мұнай өңдеу зауыттарына бағытталған украин дрондарының соққыларынан кейін Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін отын нарығындағы ахуал күрделене түсуі мүмкін. Энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған шабуылдар Ресейдің жанармай экспортына әсер етіп, аймақтық нарықтарда тапшылық қаупін арттыратыны белгілі. Сарапшылардың пікірінше, мұнай мен мұнай өнімдерінің жеткізілуіндегі кез келген кідіріс Қазақстанның ішкі отын балансына қысым түсіреді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ресейден келетін отын көлемі азайған жағдайда Қазақстан бұрынғыдай импорт есебінен тапшылықты жаба алмайды. Бүгінде елдегі мұнай өңдеу зауыттары бар қуатында жұмыс істеп тұр, резерв көлемі шектеулі. Соған қарамастан, Ресейдің өзі Қазақстаннан жанармай мен дизель отынын жеткізу сұраған деген ақпарат тарады. Қазақстан тарапы мұндай өтінішке келіспеген, себебі ішкі нарықта артық өнім жоқ, әрі қыс қарсаңында елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету маңызды.
Көршілес Қырғызстан да осындай қиындыққа тап болуы ықтимал. Ресейден жеткізілетін жанармай көлемінің төмендеуіне байланысты онда баға көтеріліп, бір қолға сатылатын отын мөлшеріне шектеу қойылуы ықтимал.
Бұл өз кезегінде оңтүстік аймақтарда қырғыз еліне қарай контрабандалық ағынның өсуіне ықпал етуі ғажап емес.
Ресейдің энергия жүйесі Орталық Азия үшін ұзақ жылдар бойы біртұтас қуат көзінің рөлін атқарып келген. Сондықтан қазіргі соғыстың энергетикалық салдары барлық аймақ елдеріне тікелей әсер етеді.
Бүгінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жобасы да тоқтап тұр. Қытайдың CNPC компаниясы шамамен 6-7 миллиард доллар инвестиция салуға әзір болса да, Қазақстандағы мұнай көлемінің жетімсіздігі мен баға реттеу саясаты инвесторлардың белсенділігін тежеу болуда. Яғни, ішкі өндірістің өсуіне мүмкіндік бар, бірақ нарықтық еркіндік жеткіліксіз.
Қазақстандағы бензин бағасы бүгінде әлем бойынша ең арзан ондықтың қатарында. Үкімет өткен жылдан бастап бағаны біртіндеп көтеру арқылы отынның шекара асуын азайтып, өңдеу саласының табыстылығын арттыруға тырысқан-ды. Бірақ бұдан анау айтқандай нәтиже көріп отырған жоқпыз.
Алайда Ресейдегі соңғы оқиғалар ішкі нарыққа да әсер етпей қоймайды. Дәл осы себепті Қазақстан билігі АИ-92 мен дизель отынына бағаның өсуіне мораторий жариялады. Бұл шешім уақытша болса да, нарықтағы тұрақтылықты сақтап қалуға бағытталған.
Сарапшылардың болжамынша, алдағы айларда Қазақстан өз энергетикалық тәуелсіздігін қайта қарауға мәжбүр болады. Егер Украина мен Ресей арасындағы соққылар жалғаса берсе, аймақтық отын тізбегіндегі кез келген үзілістің зардабы Орталық Азия елдері үшін ауыр болмақ. Мұндайда энергетикалық қауіпсіздік баға саясаты аумағынан кеңіп, ұлттық тұрақтылықтың басты өлшеміне айналуы бек мүмкін.
Нұрлан ЖҰМАХАН