Йемендегі хуситтер қозғалысы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядтағы халықаралық әуежайға демалыс күндері екі мәрте әуе шабуылын жасады. Соққылардың салдарынан кем дегенде 14 адам қаза тауып, 300-ден астам азамат түрлі дәрежеде жарақат алды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Екі соққының салдары және терминалдағы өрт
Алғашқы жасалған шабуыл аса ауыр зардап әкелді: ресми мәліметтер бойынша кемінде 13 адам оқиға орнында көз жұмып, 300-ден астам жолаушы мен әуежай қызметкері жараланған. Артынша жасалған екінші соққы салдарынан тағы бір адам тіл тартпай кетіп, 11 адам зардап шекті.
Сауд Арабиясының билік органдары әуежай маңында кемінде бір зымыранның атып түсірілгенін растады. Сонымен қатар жарылыс салдарынан әуежай терминалдарының бірінде өрт шығып, нысан инфрақұрылымына зақым келген. Шұғыл қызметтер тілсіз жауды ауыздықтауға кірісіп, жаралылар жақын маңдағы емханаларға жеткізілді.
Хуситтердің ескертуі: Мекке мен Мәдина ғана нысанаға алынбайды
Хуситтер тобы шабуылдарды өз мойнына алып, Сауд Арабиясының аумағындағы стратегиялық нысандарға соққы жасауды одан әрі жалғастыратындарын мәлімдеді.
Қарулы жасақ елдегі барлық әуе айлақтарын өздерінің ықтимал нысанасы деп есептейтінін ашық ескертті. Топ өкілдері тек мұсылман әлемінің қасиетті қос қаласы – Мекке мен Мәдинада орналасқан әуежайларға ғана шабуыл жасалмайтынын, ал қалған барлық логистикалық хабтарға қауіп төніп тұрғанын жариялады.
Таяу Шығыстағы шиеленістің күрт ушығуы аймақтағы азаматтық авиация қауіпсіздігіне үлкен салмақ түсіріп отыр. Сауд Арабиясының әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жоғары жауынгерлік дайындық режиміне көшірілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







