Павлодар өңірі Қазақстанның экономикалық жүрегі ғана емес, әлеуеті зор, серпіні қуатты аймақ. Президент Тоқаев аймақ басшысы Асайын Байхановпен кездесуде облыстың қазіргі жағдайын саралап, келешек жоспарды талқылады деп жазады Ertenmedia.kz.
Байхановтың айтуынша, Павлодар былтыр рекордты нәтижеге қол жеткізіп, ел экономикасына үлкен үлес қосқан. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 1,3 триллион теңгеден асып, республика бойынша көш бастаған.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі де ауыз толтырып айтарлық деңгейге жеткен. Өткен жылы осы көрсеткіш 4,1 триллион теңгені құрады.
Елдегі көмір мен ферроқорытпаның жартысынан көбі, электр қуатының жартысына жуығы осы облыстан шығады.
Аграрлық сала да аймақта ерекше дамып келеді. Ылғалды үнемдейтін жаңа технологияны енгізген павлодарлық шаруалар картоп, күнбағыс, қарақұмықты молынан жинапты. Былтырдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 571 миллиард теңгеден асып түскен.
Облыста әлеуметтік мәселеге де басымдық берілуде. Өткен жылы 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, қалаларда 2 жаңа мектеп, ауылдарда тағы 3 білім ошағы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмады – 30 медициналық нысан ел игілігіне ұсынылды. Биыл тағы 2 мектеп пен әлеуметтік маңызы бар 5 ірі жоба іске қосылады.
Байхановтың сөзінше, аймақтағы барлық ауылдар таза ауыз суға қол жеткізген. Үш қаланың қоғамдық көлігі түгел жаңартылып, жол сапасы айтарлықтай жақсарды: 621 шақырым жол жөнделіп, жағдайы жақсы тас жолдың үлесі 96 пайызға жетті. Биыл перспективті ауылдардың кіреберіс жолдары толық асфальтталмақ.
Президент Тоқаев Екібастұздағы әуе қатынасын дамытуға ерекше көңіл бөліп, облыс басшысына жаңа әуежай құрылысы мәселесін жеделдетіп шешуді тапсырды. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік бермек.
Аймақ басшысына өңірді дамытуда инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру, инженерлік-коммуналдық жүйені жаңғырту бағытында нақты міндеттер жүктелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







