ForteBank жарғылық капиталын 46,1 миллиард теңгеге ұлғайтып, бизнесті қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
«ForteBank» АҚ қосымша эмиссия нәтижесінде капиталын арттырды. Соның арқасында банктің капиталы 890 миллиард теңгеден асты. Қаржы ұйымы мұндай қадам экономиканың нақты секторын қолдауға және кәсіпкерлерге берілетін кредит көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін хабарлады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ForteBank активтері 49 пайызға өсіп, 6,1 триллион теңгеге жетті. Өткен жылы банк «Home Credit Bank» АҚ-ны сатып алу мәмілесін аяқтады. Сонымен қатар Қазақстан тарихында алғаш рет 400 миллион АҚШ доллары көлемінде мерзімсіз AT1 субординацияланған облигациялар шығарды.
Банк халықаралық капитал нарықтарынан да ірі көлемде қарыз қаражат тартқан. Акционерлер 2025 жыл үшін дивиденд төлемей, барлық пайданы капитал базасын одан әрі ұлғайтуға бағыттау туралы шешім қабылдады.
ForteBank басшылығының мәліметінше, банктің кредиттік портфелінің шамамен 60 пайызы ірі бизнеске, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікке бағытталған. Қаржы ұйымы нақты сектордағы компанияларды қолдауды басты басымдықтың бірі деп санайды.
– Біз жұмыс орындарын ашып, инвестиция салып, экономиканың өсуіне ықпал ететін нақты сектордағы компанияларды қолдауды маңызды міндетіміз деп есептейміз. Бұл саналы түрде таңдалған бағыт, – деді «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Талғат Қуанышев.
Оның айтуынша, Қазақстанда бизнес-кредиттеу нарығы қарқынды өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нарық көлемі 17,6 триллион теңгеге жетіп, бір жылда 20 пайызға артты. Осы кезеңде ForteBank-тің бизнес-кредиттер портфелі 45 пайызға ұлғайып, 1,7 триллион теңгеге жеткен.
Талғат Қуанышев капиталды қосымша арттыру және пайданы дамытуға бағыттау банктің алдағы өсуіне жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, бұл кәсіпкерлер мен ірі компанияларға кредит беру қарқынын күшейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды қолдауға және ForteBank-тің нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
ForteBank Қазақстандағы жетекші банктердің бірі саналады. Қаржы ұйымы жеке тұлғаларға, шағын және орта бизнеске, сондай-ақ корпоративтік клиенттерге қызмет көрсетеді. Банк тұрақты өсім стратегиясын іске асырып, цифрлық сервистерді дамытуға және экономиканың басым бағыттарын қаржыландыруға басымдық беріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







