«Фридом Финанс» пен «КазТАГ» арасындағы қылмыстық іс бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігі сақталып отыр. Алайда түпкілікті шешімді сот қабылдайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі уақытта «Фридом Финанс» пен ақпарат агенттігі «КазТАГ» арасындағы дау құқықтық алаңда қаралып жатыр. Компанияның мәліметінше, 2025 жылы «КазТАГ» «Фридом Финансқа» қатысты алаяқтық, қаржы пирамидасын құру және клиент қаражатын шығару жөнінде бірқатар материал жариялаған.
Осыған байланысты компанияның арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында «КазТАГ» агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов күдікті ретінде танылған.
Жақында «Фридом Финанс» дау бойынша медиациялық келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді. Компания мұндай қадамға қарсы тарап жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мойындап, ресми түрде теріске шығарған жағдайда ғана баратынын хабарлаған.
Алматы қаласы прокуратурасының аға прокуроры Мөлдір Қанисованың айтуынша, Қазақстан заңнамасы тараптардың татуласуына мүмкіндік береді.
«Қолданыстағы заңнама медиация мен татуласу институттарын қолдайды. Егер тараптар келісімге келсе, дау бейбіт жолмен реттелуі мүмкін. Ал ортақ шешім табылмаса, мәселе сотта қаралады», – деді прокуратура өкілі.
Оның сөзінше, заң алдында барлық тарап тең. Сондықтан дау қай тараптың қатысуымен туындағанына қарамастан, іс заң талаптарына сәйкес қаралады.
Прокуратура өкілі тергеу материалдарының сотқа жолдануының өзі белгілі бір рәсімдердің аяқталғанын білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай істер бойынша сотқа дейінгі кезеңде дәлелдемелер жиналып, тиісті сараптамалар жүргізіледі.
«Егер сараптама жарияланған материалдарда көрінеу жалған ақпарат белгілері бар екенін растамаса, іс сотқа жетпеуі де мүмкін еді. Бұл – қылмыстық процестегі қалыпты тәжірибе», – деді Мөлдір Қанисова.
Сонымен қатар прокуратура сот процесіне қатысушыларды жария мәлімдемелер кезінде сақ болуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, іс бойынша сотқа дейінгі шектеулер қолданылған тұлғалар белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
Прокуратура бұл іске қатысты қандай да бір түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін атап өтті. Себебі кінәлі немесе кінәсіз екені туралы соңғы шешімді тек сот шығара алады.
Осылайша қазіргі таңда екі сценарий сақталып отыр: тараптар медиациялық келісімге келуі мүмкін немесе дау сот талқылауы арқылы шешіледі. Қалай болғанда да, істің әрі қарайғы тағдырын құқықтық рәсімдер мен соттың шешімі анықтайтын болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







