«Фридом Финанс» компаниясының адвокаты Назерке Ризабекова «КазТАГ» агенттігімен арадағы даудың не себепті қылмыстық сотқа дейін жеткенін түсіндірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Адвокаттың айтуынша, компания бұл жағдайды әуел бастан жанжал ретінде емес, құқықтық тәртіппен шешілетін мәселе ретінде қарастырған. «Фридом Финанс» алдымен «КазТАГ» агенттігіне шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратуды тоқтату туралы талап жолдаған.
Назерке Ризабекованың сөзінше, компания ақпарат агенттігінің әрекетін мақсатты және ауқымды ақпараттық шабуыл ретінде бағалайды. Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы «Фридом Финансқа» қатысты іскерлік беделге нұқсан келтіретін мәліметтер жарияланып келген.
Адвокат бұл мәліметтердің бір бөлігі сот арқылы шындыққа сай емес деп танылғанын айтты. Оның пікірінше, фактілер бұрмаланып, тәуелсіз журналистика атын жамылған жарияланымдар арқылы құқықтық негізі жоқ айыптаулар таратылған.
«Фридом Финанс» тарапының ұстанымынша, мұндай әрекет кәсіби этикаға да, құқықтық мәдениетке де қайшы. Компания досудебтік талапқа жауап болмаған соң азаматтық сотқа жүгінген. Сот жарияланған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтаған.
Адвокаттың айтуынша, бұл шешім қылмыстық сот үшін де маңызды мәнге ие. Өйткені ол жарияланған ақпаратқа қатысты құқықтық баға берудің бір бөлігі саналады.
Назерке Ризабекова сот процесі жүріп жатқан кезде де, тіпті сот шешімінен кейін де «КазТАГ» шындыққа сай емес мәліметтерді жариялауды жалғастырды деп есептейді. Оның сөзінше, полицияға арыз беру компания үшін мәжбүрлі қадам болған.
«Фридом Финанс» бұған дейін мұндай деңгейдегі ақпараттық қысымға тап болмағанын айтады. Адвокаттың пікірінше, бұл жолы агенттік журналистиканың базалық қағидаларын елемеген. Ол жарияланымдар алдында фактілер объективті тексерілуі керек екенін еске салды.
Компания тарапының айтуынша, «КазТАГ» мемлекеттік органдар мен компанияға сауал жолдағанымен, ресми жауапты күтпей материалдар жариялаған. Адвокат мұны тек формалды әрекет деп бағалайды.
Назерке Ризабекова агенттік әрекетінің ықтимал мақсаты «Фридом Финансқа» қоғамдық қысым жасау болуы мүмкін екенін айтты. Компания бұл жарияланымдар брендті қаралау және жасанды резонанс туғызу үшін пайдаланылды деп санайды.
Адвокаттың сөзінше, компания заң аясында ғана әрекет етеді және ақпараттық қысым арқылы қандай да бір қаржылық талапты орындауға міндетті емес. Оның айтуынша, «Фридом Финанс» үшін басты мәселе — іскерлік беделді қорғау және әділеттілікті қалпына келтіру.
Сонымен қатар компания татуласу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бірақ ол үшін нақты шарттар орындалуы керек.
Адвокаттың айтуынша, «Фридом Финанс» жарияланымдарды шындыққа сай емес деп тануды, оларды ресми түрде терістеуді және жалған ақпарат тарату мен масс-медиа туралы заң талаптарын бұзғанын мойындауды талап етеді.
Егер қарсы тарап дауды бейбіт жолмен реттеуге шын мәнінде дайын болса, алдымен осы талаптарды орындауы керек дейді адвокат. Ал талаптар орындалмаса, істің соңғы нүктесін сот қояды.
Қазір «КазТАГ» агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов «Фридом Финанс» компаниясына қарсы ауқымды ақпараттық шабуыл ұйымдастырды деп айыпталып отыр.
Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаевқа коммерциялық ұйымдағы басқару функцияларын тиісінше орындамау және бұзақылық бойынша айып тағылған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, 2025 жылы «КазТАГ» «Фридом Финансқа» қатысты алаяқтық, қаржы пирамидасын құру және клиенттердің қаражатын заңсыз шығару туралы теріс сипаттағы материалдар жариялаған.
Тергеу дерегінше, Әсет Матаев редакция қызметіне жеткілікті бақылау жасамаған. Соның салдарынан компания үшін ауыр зардапқа әкелген заң бұзушылықтарға жол берілген.
Бұдан бөлек, Матаев бұзақылық ісі бойынша да жауапқа тартылып отыр. Іс материалдарында 2026 жылғы 17 наурыздан 18 наурызға қараған түні Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығы маңында жанжал болғаны көрсетілген. Тергеу бұл әрекетті күш қолданумен ұштасқан, адамдар тобы жасаған бұзақылық деп бағалап отыр.
Айып тағылған адамдардың кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана дәлелденген болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







