2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгін конкурстан өткен талапкерлердің толық тізімін ресми парақшасында орналастырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Биыл мемлекеттік грантқа 75 мыңнан астам талапкер ие болды. Конкурсқа шамамен 127 мың өтінім түскен. Былтырғымен салыстырғанда үміткерлер саны 14 мыңға көбейген. Жоғары білімді мемлекет есебінен алуға деген сұраныс жыл өткен сайын күшейіп бара жатқанын осы санның өзі аңғартады.
Грант иегерлеріне арналған куәлік үш жұмыс күні ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді болады. Құжатты жүктеп алған соң талапкер грант тағайындалған жоғары оқу орнына барып, қабылдау рәсімін аяқтауы тиіс.
Жоғары оқу орындарына грант негізінде қабылдау 25 тамызды қоса алғанда жүргізіледі. Осы мерзімнен кешігу грант иегері үшін артық әуре-сарсаң туғызуы мүмкін.
Биылғы науқанның бәсі биік болды. 127 мың талапкердің арасынан грантқа өткен 75 мыңнан астам жас үшін бүгінгі нәтиже бірнеше айлық дайындық пен ҰБТ-дағы еңбектің қорытындысы саналады.
Грантқа іліне алмаған талапкерлер де мүмкіндіксіз қалмайды. Тамыздың екінші жартысында өңір әкімдіктері, жоғары оқу орындары, жұмыс берушілер және жекеменшік қорлар ұсынатын қосымша гранттар конкурсы жалғасады. Бірақ негізгі мемлекеттік гранттың тағдыры бүгін шешілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






