АҚШ Сенаты Ресей мен Иранға қарсы санкцияларды күшейтетін заң жобасын қараудың келесі кезеңіне өткізді. Құжат Мәскеудің энергетикалық кірісін қысқартып, ресейлік мұнай мен газды көп көлемде сатып алатын мемлекеттерге сауда қысымын күшейтуді көздейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
28 шілдеде өткен рәсімдік дауыс беруде 86 сенатор заң жобасын қолдап, 12-сі қарсы дауыс берді. Құжат түпкілікті қабылданған жоқ. Ол Сенаттағы тағы бірнеше рәсімнен өтіп, кейін Өкілдер палатасына жіберілуі керек. Палата қыркүйекке дейін демалыста болғандықтан, заңның күшіне енуі күзге қалуы ықтимал.
Бастама 11 шілдеде қайтыс болған республикашыл сенатор Линдси Грэмнің құрметіне «Ресей мен Иранға санкция салу туралы Линдси О. Грэм заңы» деп аталды. Грэм құжатты демократ Ричард Блументальмен бірге бір жылдан астам уақыт ілгерілетіп келген. Дональд Трамп сенатордың көзі тірісінде бастаманы қолдауға келіскен.
Заң жобасының алғашқы нұсқасында Ресей энергиясын сатып алатын елдерден импортталатын тауарларға 500 пайыздық тариф енгізу ұсынылған еді. Келіссөздерден кейін талап жұмсартылды. Жаңартылған нұсқа Ресей мұнайы мен газын ең көп импорттайтын бес мемлекетке және санкцияны айналып өтуге көбірек көмектесетін бес елге 100 пайызға дейін тариф салуға мүмкіндік береді.
Ресейден АҚШ-қа тікелей әкелінетін кей тауарға салынатын баж 500 пайызға дейін көтерілуі мүмкін. Құжат ресейлік уран импортына шектеу қойып, Мәскеудің энергетикалық табысын сыртқы нарықтан қысуды көздейді. Алайда тарифті нақты енгізу, кейінге қалдыру немесе одан бас тарту құқығы президенттің қолында қалады.
Негізгі нысана Ресейдің өзінен гөрі оның мұнайын сатып алып отырған ірі экономикалар болуы мүмкін. Ресей шикі мұнайын ең көп алатын мемлекеттердің қатарында Қытай, Үндістан, Словакия, Мажарстан және Әзербайжан аталған. Газ бойынша Қытаймен қатар Франция, Жапония, Мажарстан мен Бельгияның аты көрсетілді. Кей одақтас елдер Ресей энергиясына тәуелділігін нақты азайтып жатса, оларға жеңілдік берілуі мүмкін.
Заң жобасы Ресейдің саяси басшылығына, мемлекеттік банктеріне, олигархтарға және олардың отбасы мүшелеріне санкция салуды қарастырады. Ресей Орталық банкі, Сбербанк, Газпромбанк, ірі энергетикалық жобалар және санкциядан жалтаруға пайдаланылатын «көлеңкелі флот» та шектеу нысанасына енбек.
Бастаманың логикасы қарапайым: Ресей бюджетін мұнай мен газдан түсетін табыстан айырып, Украинадағы соғысты қаржыландыру мүмкіндігін әлсірету. Вашингтон Мәскеудің өзіне ғана емес, оның экспорттық арнасын ашық ұстап отырған үшінші мемлекеттерге де қысым түсірмек. Осылайша санкция географиясы Ресей шекарасынан асып, әлемдік энергетика нарығына тарайды.
Вашингтонның жаңа майданы
Құжаттың Иранға арналған бөлігі де бар. Ол Тегеранның энергетика және қару-жарақ секторына қаржы түсуін шектейтін америкалық санкциялық өкілеттікті ұзартуға бағытталған. Сенаторлар мұны Иранның ядролық бағдарламасы мен қарулы топтарды қолдау мүмкіндігін әлсірететін тетік ретінде ұсынып отыр.
Заң жобасын екі партияның көптеген өкілі қолдағанымен, оның тарифтік бөлігі Вашингтонда дау туғызды. Кей демократтар президентке тым кең өкілеттік беріліп отырғанын айтып, мұндай тарифтер америкалық тұтынушы төлейтін импорт бағасын өсіруі мүмкін екенін ескертті. Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитетіндегі демократтар басшысы Грегори Микс бастаманы санкциялық заңнан гөрі президентке тариф енгізудің «жасырын құралы» деп сынады.
Құжаттың осал тұсы да президентке берілетін еркіндікке байланысты. Трамп шектеуді ұлттық қауіпсіздік мүддесіне қайшы деп тапса, жекелеген санкцияны тоқтата немесе кейінге шегере алады. Сондықтан заңның қаталдығы мәтіндегі пайызбен ғана емес, Ақ үйдің оны іс жүзінде қаншалықты қолданатынымен өлшенеді.
Сенаттағы 86 дауыс Вашингтонда Ресейге қысымды арттыру жөніндегі партияаралық келісімнің әлі де бар екенін көрсетті. Алайда шешуші кезең алда. Заң Өкілдер палатасынан өтіп, президент қол қойған жағдайда ғана Мәскеудің мұнай кірісін сатып алушылар арқылы қысатын жаңа экономикалық майдан ашылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







