АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ұшағы Мәскеуге қонды деген ақпарат тарады. Бұл туралы ресейлік БАҚ-қа сүйенген Tengrinews.kz жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Flightradar мәліметі бойынша Уиткоффтың Gulfstream G650ER бизнес джеті Мәскеудегі Внуково әуежайына жергілікті уақытпен таңғы 10 шамасында қонған.

Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде Стив Уиткоффтың Мәскеуге келгені туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
«Бізде ешқандай ақпарат жоқ, кездесу жоспарланбаған», — деді Песков журналистерге.
Стивен Уиткофф — америкалық кәсіпкер және коммерциялық жылжымайтын мүлік инвесторы. 2024 жылы желтоқсанда ол АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі болып тағайындалды. Оның араласуымен Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздерге, бітімгершілікке қол жеткізілгені айтылады.
Айта кетейік, бұған дейін Хамас пен Израиль келісімге келді. Саяси сарапшылар мұның астарында Трамптың билікке келуі жатқанын мәлімдеді. Осы тұста ErtenMedia шығыстанушы, саяси сарапшы Жанат Момынқұловтың пікірін сұраған еді.
«Американың тікелей ықпалымен осылай болып отыр. Трамп жеңістен бастағысы келеді. Өзін жеңімпаз ретінде көрсеткісі келеді. Жұмысын Украинаның алдында «Таяу Шығысты тыныштандыру арқылы енді Украинаны шешеміз» деген оптимизммен бастамақ», — деді саясаттанушы бұған дейін.