Orda Media бухгалтері Айгүл Ботагарова сотта редакциядағы жалақы мен салық төлеу тәртібі туралы куәлік берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қаласының Бостандық аудандық сотында өткен отырыста бухгалтер Гүлнар Бажкенованың ай сайынғы табысы үш миллион теңге болғанын айтты. Оның сөзінше, осы соманың 1,8 миллион теңгесі ресми түрде банк шотына аударылып, тиісті салық төленген. Ал қалған 1,2 миллион теңге қолма-қол беріліп отырған.
Сот отырысында судья Елена Кван куәгерден редакциядағы төлем жүйесіне қатысты бірнеше нақтылау сұрағын қойды. Әсіресе жалақы мен гонорардың екі бөлек тәртіппен төленуі назарға алынды.
Айгүл Ботагарованың айтуынша, ол компанияға келген кезде мұндай жүйе бұрыннан болған. Қызметкерлерге төленетін ақының бір бөлігі ресми түрде банк арқылы жүргізілген. Ал гонорарлық бөлігі қолма-қол берілген.
Судья куәгерден гонорар неге қызметкерлердің банк шотына аударылмағанын сұрады. Бухгалтер мұны компанияның қаржылық мүмкіндігімен байланыстырды. Оның айтуынша, барлық төлем ресми шот арқылы жүргізілсе, жалақы қоры тым ұлғайып кетер еді. Редакция оны жарнамадан түсетін табыспен жаба алмаған.
Осыдан кейін судья мұндай тәртіп салықтан жалтару белгісі болуы мүмкін бе деген сұрақ қойды. Ботагарова бұл жағдайда тиісті салық төленбегенін айтты.
Куәгердің сөзінше, ол Гүлнар Бажкеноваға мұндай тәжірибенің дұрыс емес екенін ескерткен. Алайда редакциядағы төлем тәртібі өзгермеген.
Сотта айтылған мәліметтер Orda.kz редакциясындағы қаржы қозғалысы мен еңбекақы төлеу жүйесіне қатысты жаңа сұрақ туғызды. Әзірге бұл куәгердің соттағы сөзі ретінде қарастырылып отыр. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Бұған дейін Гүлнар Бажкенованың тағылған айыптармен келіспейтіні хабарланған. Сондықтан сот процесінде айтылған әрбір дерек заңдық баға берілгенге дейін тараптардың ұстанымы мен куәлік мазмұны ретінде қаралуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






