Абай облысының аумағында арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі Үкімет тарапынан қолдау тапты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл мәселе Үкіметте өткен отырыста қаралды. Жиында өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жобаларды тарту және инвестициялық пулды кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Абай облысында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан. 2025 жылдың басынан бері инвестициялық пулға енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін көбейді. Ал жалпы инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге жетті.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, 2026 жылы жалпы құны 131,2 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобалар нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірде өндірістік нысандар орналастыруға инвесторлар тарапынан сұраныс артып келеді. Осыған байланысты «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағы 96 гектардан 190 гектарға дейін кеңейтілді. Сонымен қатар шағын және орта бизнеске арналған шағын өнеркәсіптік парк құру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Жоспар бойынша арнайы экономикалық аймақтың аумағы бастапқы кезеңде 600 гектарды құрайды. Кейін оны 1000 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Бұл аумақта агроөнеркәсіп кешені, логистика, көлік-хаб қызметтері және өңдеу өнеркәсібі негізгі басым бағыт ретінде белгіленеді.
Арнайы экономикалық аймақтың құрылуы Абай облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістердің келуіне жол ашады. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі мен логистика саласындағы жобалар өңір экономикасына қосымша серпін беруі мүмкін.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға инвесторлардың қажетті рәсімдерден уақтылы өтуіне жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Абай облысы үшін бұл бастама экономикалық тұрғыдан маңызды қадам болмақ. Өңірдің өндірістік әлеуеті, көлік-логистикалық мүмкіндігі және ауыл шаруашылығы базасы арнайы экономикалық аймақ арқылы жаңа деңгейге көтерілуі ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







