Иорданиялық танымал блогер Юсеф Хаттаб Каспий теңізі жағалауындағы құтқарушылардың жұмысымен танысып, ТЖМ мамандарының кәсіби дайындығына жоғары баға берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сапар барысында блогер құтқару қызметінің күнделікті жұмысы, жағалаудағы қауіпсіздік шаралары және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы іс-қимылдармен танысты.
Юсеф Хаттаб Каспий жағалауының табиғатына ерекше әсер алғанын айтты. Оның сөзінше, бұл өзі көрген ең әдемі теңіздердің бірі.
«Мұнда өте әдемі, ал айналамыздағы адамдар керемет. Мені жақсы қарсы алды, көп рахмет!» – деді блогер.
Сонымен қатар ол демалушыларды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Блогердің айтуынша, тек құтқарушылар кезекшілік ететін арнайы аймақтарда ғана шомылған дұрыс.
Юсеф Хаттаб белгіленген аумақтан шықпауға, тыйым салынған жерлерге бармауға және қауіпсіздік талаптарын бұзбауға кеңес берді.
«Құтқарушылар тәулік бойы, аптасына 7 күн қызмет етеді және әрдайым көмек көрсетуге дайын», – деді ол.
ТЖМ мамандарының жұмысына жоғары баға берген блогер Қазақстанға келушілерді табиғатты тамашалаумен қатар өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







