Тимур Құлыбаев Испанияның Таррагона провинциясында тағы бір қомақты жер учаскесіне иелік ететіні белгілі болды. Осы туралы ақпарат таратқан бірқатар телеграм арналардың мәліметіне сәйкес, поместьенің ауданы – 4,5 гектар, ал құны шамамен 10 миллион еуро (5,5 миллиард теңге), — деп хабарлайды Ertenmedia.
Нысанның басты ерекшелігі – теңіз жағалауына тікелей шығатын жеке жолы бар негізгі вилла, оның аумағы 800 шаршы метрден асады. Жоғары бетон қоршаумен және тікенекті сыммен қоршалған резиденцияны бақылау үшін бірнеше бейнекамера орнатылған, ал күзет пен қызметкерлерге арналған бөлек коттедж қарастырылған. Жағажай жергілікті заңнамаға сай қоғамдық пайдалануға жататындықтан, демалушылар мұнда еркін келе алады.
Поместьені басқару Diada Investment & Real Estate SL компаниясы арқылы жүзеге асырылуда. Ол қазақстандық Verus Praedium International ЖШС-не тиесілі.
Ресми есепке сүйенсек, 2023 жылы Diada Испаниядағы екі бірдей активке 17 миллион еуро инвестиция салған, сонымен қатар 5 миллион еуроға (2,8 миллиард теңге) капиталын ұлғайтқан.
Бұл Құлыбаевтар әулетінің Испаниядағы жылжымайтын мүлік портфеліндегі жалғыз нысан емес. Мәселен, Can Juncadella деп аталатын танымал виллада өткен жылдары жергілікті тұрғындармен сот дауы болғаны мәлім. Сол іс кезінде жағалау маңындағы қоғамдық соқпақтың жабылуы қызу талқыға түскен.
Тимур Құлыбаев тарапынан бұған қатысты әзірге ешқандай ресми түсініктеме берілген жоқ.