Депутат Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс мінберінде жуырда ажал құшқан талғарлық Шерзатқа қатысты оқиғаға пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жасар бала, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды. Баланың ажалына не себеп деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке алкоголь. Қазақ: «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді. Ішкіштің өзі адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады», — деді ол.
Депутат осындай жағдайлардан кейін біздің қоғам қауіпсіз бе, заң кімнің жағында деген сұрақ туатынын мәлімдеді.
«Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айрылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады. Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ-і өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап, әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?» — деді ашынған депутат.
Депутат құзырлы органдарға үн қатып, бірқатар ұсыныс жасады:
- Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс.
- Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет.
- Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек.
- Мемлекет Басшысы ұсынған Заң мен Тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Ол үшін халыққа адал қызмет ету керек, адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенімсіз атқарылған істің бәрі еш кететіні әмбеге аян. Осыны ұмытпайық!
Айта кетейік, бұған дейін Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын мәлімдеген еді. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты.
Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.
Оқиғаға қатысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Алматы облысының прокуратурасы пікір білдірді.
“Алматы облысының Талғар ауданында орын алған кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты мән-жайлар менің жеке бақылауымда. Оқиға орнында бірінші орынбасарымның басшылығымен ІІМ қызметкерлерінен құралған топ жұмыс істеуде. Кінәлілер тиісті жазасын алады”, — деді ол.