Қазақстан жолдарында орнатылған автоматты камералар инспекторсыз-ақ тәртіп бұзуды тіркеп отыр. Алайда мұндай айыппұл әрдайым мінсіз деген сөз емес, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Фото және видеофиксация жүйелері жылдамдық асырған, қызылға өткен секілді әрекеттерді жылдам анықтайды. Соған қарамастан, техника да, оны өңдейтін жүйе де қателіктен ада емес. Кей жағдайда жүргізушіге жолданған қаулының заңдылығы күмән тудырады.
Осы орайда заңгер Нұршат Қазбекова Ertenmedia-ға айыппұлды даулауға негіз болатын бірнеше факторды атап өтті.
Айтуынша, алдымен техника мәселесі маңызды. Жүйеде камераның сертификаты мерзімінен асып кетуі, жылдамдықты дұрыс есептемеуі, түсірілген уақыт пен күннің сәйкес келмеуі жиі кездеседі. Кадр сапасының төмендігі де шешуші рөл ойнайды. Тұман, жаңбыр, қар секілді ауа райы көріністі бұрмалап, жүйенің дәлдігін әлсіретеді.
«Процедураның сақталмауы да маңызды. Камера орнатылған жерге алдын ала ескерту белгісі қойылмаған жағдайда, айыппұл даулы саналады. Кейде көлік қате анықталып, бөтен нөмірге жаза жіберілетін жайт бар. Бір құқық бұзушылық үшін екі рет айыппұл салу дерегі де кездеседі. Тағы бір түйткіл рөлде отырған адам емес, көлік иесіне жаза келуі», — дейді заңгер.
Даулы жағдайлар қатарында мәжбүрлі тоқтау, жол жолағын кесіп өтуге байланысты күмәнді эпизодтар бар. Уақыт факторы да ескерусіз қалмайды. Егер қаулы заңда көрсетілген мерзімнен кеш келсе, оны қайта қарауға толық негіз бар.
Нені білу маңызды?
Оның атап өткеніндей айыппұлмен келіспеген жүргізуші алдымен қаулыны мұқият тексеруі қажет. Оқиға уақыты мен орны, көлік дерегі, фото сапасы, камера туралы ақпарат бәрі сәйкестікке сай болуы тиіс. Кемшілік байқалса, шағым түсіруге құқық бар.
Шағым беру мерзімі 10 күн. Уақыт өткізіп алу істі қиындатады. Өтінішті уәкілетті органға барып тапсыруға болады, пошта арқылы жолдауға немесе eGov.kz порталы арқылы онлайн жіберуге мүмкіндік бар.
Дәлел неғұрлым көп болса, нәтиже соғұрлым ықтимал. Видеорегистратор жазбасы, оқиға орнындағы фото, GPS дерек, куәгер сөзі, көлік құжаты бәрі іске жарайды. Өтініш түскен соң он күн ішінде қаралады. Соңында екі нұсқа ғана бар: айыппұл жойылады немесе күшінде қалады.
«Автоматтандыру жолдағы бақылауды күшейтті. Соған қарамастан, жүйе абсолют дәлдікке кепіл емес. Заң жүргізушіге қателікпен келген айыппұлды даулауға мүмкіндік береді», — дейді осы тұста заңгер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







