Қазақстанның республикалық трассаларында жылдамдықты асырды деген қате айыппұл алған жүргізушілерге полицияға барып, кінәсіз екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Ішкі істер министрлігі жаңсақ рәсімделген нұсқамалардың автоматты түрде жойылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Техникалық ақау 13–14 тамыз аралығында Бас прокуратураның Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі — ЕРАП ақпараттық жүйесінде болған. Соның салдарынан орташа жылдамдықты асыру деректерінің бір бөлігі нұсқамада бір сәттік жылдамдықты асыру ретінде қате көрсетілген.
«Нәтижесінде орташа жылдамдықты асыруға қатысты кейбір құқық бұзушылық бір сәттік жылдамдықты асыру ретінде жаңсақ рәсімделді», — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
«ҚазАвтоЖол» республикалық трассалардағы бақылау кешендері қалыпты жұмыс істегенін атап өтті. Құрылғылар көлік жылдамдығын дұрыс өлшеп, деректі ЕРАП-тың процессинг орталығына орташа жылдамдықты асыру фактісі ретінде жолдаған.
Ақау мәлімет берілгеннен кейін, уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде нұсқама автоматты түрде жасалған кезде шыққан. Демек, мәселе жол бойындағы камералардың өлшеу дәлдігіне байланысты емес.
ІІМ жүргізушілердің полицияға барып, қате айыппұлды өз бетімен даулауы міндетті емес екенін мәлімдеді.
«Жүргізушілерді бірден тыныштандырғым келеді. Ешқайда барудың, полицияға жүгінудің немесе бірдеңе дәлелдеудің қажеті жоқ. Қате жасалған нұсқамалардың бәрі анықталды. Олар автоматты түрде жойылады», — деді Мұрат Қабденов.
Мұндай тәртіп 13–14 тамыздағы техникалық ақау салдарынан рәсімделген айыппұлдарға ғана қатысты. Ережені расында бұзған жүргізушілердің жауапкершілігі күшінде қалады.
Қате айыппұлды төлеп қойған азаматтардың ақшасын қайтару тетігі әзірленіп жатыр. ІІМ мәселе бақылауда екенін жеткізді. Ал нұсқаманың мазмұнына, оны қайта қарауға немесе шағым беруге қатысты сауал туындаса, әкімшілік істі жүргізіп отырған уәкілетті органға жүгінуге болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







