Қазақстанда заңсыз сақталған және Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қаруды іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары Шымкент пен Петропавлдан бірнеше қару-жарақ қоймасын анықтады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шымкенттің Тұран ауданындағы автожол маңындағы арықтан қару жасырылған орын табылды. Ол жерден үш аңшылық мылтық, аңшылық мылтықтың шолақ нұсқасы және тапанша тәркіленді. Мылтықтың бірі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы қару-жарақ дүкенінен ұрланғаны анықталды.
Петропавл қаласындағы ашық аумақтан да қару-жарақ қоймасы табылды. Тәртіп сақшылары аңшылық мылтық пен нөмірлері өшірілген екі шолақ мылтықты тәркіледі. Сонымен қатар оқ өтпейтін кеудеше мен 27 патрон алынды.
Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсырған азамат қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салды. 20 сәуірден бастап жыл соңына дейін тұрғындардан атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өтіп жатыр. Қару иесіне төленетін өтемақы оның түрі мен техникалық жағдайына қарай белгіленеді.
Бүгінге дейін азаматтар 900-ге жуық түрлі қару мен 6 мыңға жуық оқ-дәріні өз еркімен тапсырған. Құқық қорғау органдары заңсыз айналымдағы қару мен оқ-дәріні анықтау шараларын жалғастырып жатыр. Арнайы қызметтер жасырын қоймалар мен бұрын жоғалған қарудың шығу тегін де тексеруде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






