Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті жабу және ЖШС-ні жеңілдетілген тәртіппен тарату онлайн форматқа көшті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді кәсіпкерлер жеке кәсіпкер қызметін тоқтату немесе ЖШС-ні жеңілдетілген тәртіппен тарату туралы өтінішті мемлекеттік органдарға бармай-ақ электронды түрде бере алады. Жаңа сервис «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталында іске қосылды.
ҚР Қаржы министрлігіне сілтеме жасаған Uchet.kz мәліметінше, жаңа функционал бизнеске арналған «бір терезе» қағидатын дамытудағы кезекті қадам болып отыр. Бұған дейін кәсіпкерге қызметін тоқтату үшін тиісті органдарға жеке барып, құжаттар пакетін дайындау қажет болатын. Енді өтініш беруден бастап нәтижені алуға дейінгі процесс ЕЛК арқылы онлайн қолжетімді.
«Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» Қаржы министрлігінің кәсіпкерлерге арналған негізгі цифрлық сервистерін біріктіреді. Портал арқылы пайдаланушылар хабарлама алып, салық сервистерін қолдана алады, аналитикалық құралдармен жұмыс істейді, контрагенттермен өзара әрекет жасап, AI-көмекшіден кеңес ала алады.
Жеке кәсіпкерлер үшін қызметті тоқтату туралы өтінішті бірнеше қадаммен беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін мемлекеттік кірістер органдарына барудың қажеті жоқ. Ал ЖШС үшін жеңілдетілген тәртіппен тарату туралы өтініш беру және оның қаралу мәртебесін жеке кабинеттен бақылау мүмкіндігі енгізілді.
Бизнеске арналған бір кабинет
Жаңа сервис қолданыстағы құқықтық тәртіпті өзгертпейді. Жеке кәсіпкер қызметін тоқтату және ЖШС-ні тарату рәсімдері бұрынғыдай Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Айырмашылық тек процестің ыңғайлы, ашық және электронды форматқа көшуінде.
Қызмет кезең-кезеңімен іске қосылады. Алғашқы кезеңде сервис жеке кәсіпкерлерге, резидент заңды тұлғаларға және олардың филиалдарына, яғни резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне қолжетімді. Кейін бұл мүмкіндікті жеке практикамен айналысатын адамдар, бірлескен жеке кәсіпкерлік қатысушылары, сондай-ақ бірігу арқылы қайта ұйымдастырылып жатқан заңды тұлғалар да пайдалана алады.
Жеке кәсіпкерлер үшін өтініш беруден бастап қорытынды нәтижені алғанға дейінгі процесс автоматты режимде өтеді. ЖШС бойынша қызмет ішінара автоматтандырылған. Дегенмен екі жағдайда да Қаржы министрлігі сервистері жағынан рәсім толық электронды форматта жүргізіледі.
ҚР қаржы вице-министрі Асет Тұрысовтың айтуынша, ЕЛК кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы онлайн форматта ала алатын бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жүйелі дамып келеді.
Қызметті пайдалану үшін кәсіпкер ЕЛК порталына ЭЦҚ және SMS-код арқылы кіруі керек. Қажет болған жағдайда «Профиль» бөлімінде жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға рөлін таңдайды. Содан кейін қызметті тоқтату немесе тарату туралы өтініш беру сервисіне өтіп, қажетті мәліметтерді толтырады. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылғаннан кейін оның қаралу мәртебесін жеке кабинеттен бақылауға болады.
Жаңа сервис кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайтуға бағытталған. Әсіресе шағын бизнес үшін қызметті тоқтату немесе компанияны тарату рәсімінің онлайнға көшуі мемлекеттік органдармен байланысты жеңілдетіп, процестің ашықтығын арттыра түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







