Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі ірі баспалардың басшыларымен өткір әңгіме өткізді. Кездесудің өзегі бұған дейін сапасына қатысты көп сын айтылған мектеп оқулықтарын ауқымды әрі кезең-кезеңімен жаңарту болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай қадамға қолданыстағы оқу құралдарына жасалған соңғы талдау түрткі болған. Министр вице-премьер Аида Балаеваның деректеріне сүйене отырып, оқулықтардан әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескерту мен қате табылғанын еске салды.
Енді баспалардың міндеті кітаптарды жай ғана қайта басып шығару емес. Олардың мазмұны толық жаңартылып, бүгінгі білім беру талаптарына сай болуы керек. Жаңа оқу әдебиеті мемлекеттік білім стандарттарына дәл келіп, оқытудың заманауи тәсілдеріне жауап беруі тиіс. Мақсат елдегі білім сапасын көтеру және оқушының қолына олқы, күмәнді, қате материал емес, сапалы оқулық беру.
Жұлдыз Сүлейменова жаңартылған басылымдарды әзірлеу мен шығару мерзімін созуға болмайтынын қатаң ескертті.
Кездесу барысында қазақстандық оқушылар түзетілген оқулықтарды қай уақытта алатыны нақты белгіленген кесте жарияланды.
Жаңа кітаптар білім беру ұйымдарына үш кезеңмен жеткізіледі:
- 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сынып оқушылары жаңа оқулықтар алады;
- 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптарға арналған әдебиет жаңартылады;
- 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныптарға жаңа басылымдар жеткізіледі.
Жиын соңында баспа өкілдері министрлікпен және сарапшылар қауымдастығымен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Ендігі басты талап оқушыларға қатесіз, сапалы, уақытында дайындалған оқу материалдарын ұсыну.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







