Абай облысында жол ережесін өрескел бұзған үйлену тойы кортежінің жүргізушілері жауапқа тартылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға 2026 жылғы 21 маусым күні сағат 19:30 шамасында Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында болған. Қабанбай көшесімен жүрген той кортежіндегі бірнеше көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережесін сақтамай, қауіпті маневр жасаған. Олар өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан барлық жүргізушіні анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora көліктерінің бес жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы тәртіп бұзушыларға қатысты 19 әкімшілік материал толтырылды. Олардың арасында маневр жасау ережесін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, апатты жағдай туғызу және көлікті пайдалану талаптарын сақтамау деректері бар.
Сонымен қатар заң бұзған жүргізушілердің көліктері арнайы тұраққа қойылды.
Абай облыстық полиция департаменті мерекелік шара жол ережесін бұзуға себеп бола алмайтынын ескертті. Полицейлер жолдағы кез келген қауіпті әрекет адам өміріне қатер төндіретінін айтып, жүргізушілерді тәртіп сақтауға шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







