Қазақы тазы халықаралық аренадағы тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Италияда өткен беделді кинологиялық көрмеде Кербез есімді тазы «Италия чемпионы» атағын жеңіп алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл жеңіс жеке бір иттің немесе оның иелерінің ғана табысы емес. Ол қазақтың ұлттық тазы тұқымын әлемге таныту жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Соңғы жылдары қазақы тазыға халықаралық деңгейде қызығушылық артып келеді. Мұндай жетістіктер ұлттық тұқымның беделін одан әрі көтеруге ықпал етеді.
Кербездің Италиядағы жеңісі қазақ тазыларының жоғары генетикалық әлеуеті мен ерекше қасиеттерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағалануы отандық кинология саласының дамып келе жатқанын көрсетеді.
Ұлттық «Nomad» клубы, селекционерлер мен тазы жанашырлары соңғы жылдары қазақы тазыны сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Нәтижесінде қазақтың байырғы аңшылық тұқымы шетелдік мамандардың да назарын аударып отыр.
Мамандардың пікірінше, мұндай жеңістер қазақы тазының халықаралық көрмелер мен чемпионаттардағы позициясын күшейтіп қана қоймай, ұлттық мұраны дәріптеудің тиімді құралына айналады.
Кербездің жеңісі қазақ тазысының әлемдік кинология кеңістігіндегі абыройын арттырған тағы бір тарихи белес ретінде бағалануда. Қазақстандық мамандар мен тазы өсірушілер енді жаңа халықаралық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетуге үміт артып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







