Бүгінде еліміздің Қарулы күштерінде жауынгерлік даярлық жүйесі жаңа талапқа сай қайта жаңарып жатыр. Әскерде бірыңғай атыс курсы, жаңа нормативтер және сарбаздардың дайындығын цифрлық бағалайтын «Бес қару» бағдарламасы енгізілуде. Осы ретте Ertenmedia.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігі Қарулы күштер Бас штабы Жедел жоспарлау департаменті басқармасының басшысы Асқарбек Манарбаевпен сұхбаттасып, жаңа жүйенің мәні мен цифрлық бақылау және қазіргі соғыс тәжірибесінен алынған сабақтар жайында ой сабақтады. Енді соған назар аударсаңыздар.
– Асқарбек мырза, Қарулы күштердегі жауынгерлік даярлық жүйесін қайта қарауға не себеп болды?
– Қазіргі қарулы қақтығыстардың сипаты қатты өзгерді. Бұрынғыдай тек классикалық дайындықпен шектелу жеткіліксіз. Бүгінгі ұрыс алаңында сарбаз жылдам ойлап, тез шешім қабылдап, шағын бөлімше құрамында дербес әрекет ете білуі керек.
Сондықтан жауынгерлік даярлық жүйесі де заман талабына сай жаңаруы тиіс. Біз үшін басты мақсат әскери қызметшіні қағаздағы нормативке емес, нақты жағдайдағы әрекетке дайындау.
– Бірыңғай атыс курсы қандай міндет атқаратынын түсіндіріп өтсеңіз?
– Бірыңғай атыс курсы барлық әскери бөлімге ортақ талап қалыптастырады. Бұған дейін бөлімдердің ерекшелігіне қарай әртүрлі әдістеме қолданылған тұстар болды.
Енді атыс дайындығы бір жүйеге түседі. Әр әскери қызметші қандай қарумен жұмыс істейтінін, қандай жағдайда нысананы жоюы керегін, атыс кезінде қауіпсіздік пен дәлдікті қалай сақтайтынын нақты білуі тиіс. Бұл тек мергендік емес, жауынгердің сабыры, тәртібі және ұрыс кезіндегі жауапкершілігі.
Сонымен қатар жаңа нормативтер өмірге жақынырақ болады. Сарбаз тек жаттығу алаңында белгіленген тапсырманы орындап қана қоймай, күрделі жағдайға бейімделуі керек.
Тактикалық қозғалыс, дене дайындығы, атыс шеберлігі, бөлімше құрамында әрекет ету, байланыс, тәртіп және міндетті орындау қабілеті бірге бағаланады. Командир де әр сарбаздың дайындығын нақты көруі тиіс. Әлсіз тұс қай жерде екенін білмей, сапаны көтеру мүмкін емес.
– Асқарбек мырза, «Бес қару» бағдарламасының ерекшелігі неде? Осы жайында оқырмандарымызға толық ақпарат берсеңіз?
– «Бес қару» жауынгерлік даярлықты цифрлық бағалауға арналған жаңа құрал. Оның ерекшелігі әскери қызметшінің нәтижесін тек жалпы баллмен емес, нақты көрсеткіштер арқылы талдайды.
Жасанды интеллект алгоритмдері жаттығу қорытындысын қарап, сарбаздың қай бағытта әлсіз екенін анықтайды. Мысалы, біреу атыста жақсы, бірақ дене дайындығында ақсайды. Екіншісі тактикалық әрекетте баяу шешім қабылдайды. Бағдарлама осыны көрсетіп, даярлықты жеке жетілдіруге мүмкіндік береді.
Командир үшін бұл өте маңызды көмек. Бұрын кей баға субъективті болуы мүмкін еді. Енді нақты дерекке сүйенеміз. Әр бөлімшенің, әр сарбаздың, әр оқу кезеңінің нәтижесі көрініп тұрады.
Бұл командирдің жауапкершілігін де күшейтеді. Себебі дайындықтағы кемшілік жасырын қалмайды. Қай бағытта жұмыс әлсіз болса, сол жерге қосымша сабақ, жаттығу, түзету енгізіледі.
– Сонда алдағы уақытта әскердің рейтинг жүйесі де өзгере ме?
– Иә, бөлімшелерді бағалауда бірыңғай тәсіл енгізіледі. Рейтинг тек атыс нәтижесімен шектелмейді. Әскери бөлімнің жауынгерлік қабілеті бірнеше көрсеткіш арқылы анықталады. Дене дайындығы, тактикалық машық, әскери тәртіп, қауіпсіздік, техникаға күтім, қойылған міндетті орындау қабілеті бәрі ескеріледі. Бұл бәсекелестік үшін ғана емес, нақты жағдайды көру үшін қажет.
– Қазіргі соғыс тәжірибесі Қазақстан армиясына қандай сабақ беріп отыр?
– Соңғы қақтығыстар ұрыс алаңында ұшқышсыз ұшу аппараттарының, жоғары дәлдіктегі қарудың, радиоэлектрондық күрестің маңызын көрсетті.
Сондықтан біз әуе кеңістігін бақылау, төмен биіктікте ұшатын нысанды анықтау, дронға қарсы әрекет ету, байланыс пен басқаруды қорғау бағыттарына ерекше назар аударып отырмыз. Әскер тек жаңа қару алумен шектелмеуі керек. Сол қаруды тиімді қолданатын маман, оны қолдайтын инфрақұрылым және дұрыс тактика қажет.
– Жауынгерлік даярлықта қауіпсіздік мәселесі қалай ескеріледі?
– Қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Қару, оқ-дәрі, техника, оқу-жаттығу – бәрі қатаң тәртіппен жүргізілуі тиіс. Әскери машиналарды оқу-жаттығуға дайындау, моторесурсты ұқыпты пайдалану, оқ-дәріні негізсіз шығындамау, қаруды дұрыс сақтау – бәрі бақылауда болады.
Дайындық күшейеді деген сөз тәртіп әлсірейді дегенді білдірмейді. Керісінше, мықты әскердің негізі – қауіпсіздік пен жауапкершілік.
Қазіргі сарбаз тек бұйрық күтетін орындаушы болмауы керек. Ол жағдайды түсінетін, тез бейімделетін, қаруын меңгерген, денесі шыныққан, цифрлық құралмен жұмыс істей алатын және бөлімше мүддесін ойлайтын жауынгер болуы тиіс.
Жаңа даярлық жүйесінің түпкі мақсаты да осы. Біз сарбазды норматив үшін емес, нақты міндет үшін дайындаймыз.
Қорытындылай айтқанда жаңа жүйе әскердің шынайы жауынгерлік қабілетін арттырады. Дайындық ортақ талапқа түседі, бағалау әділ болады, әлсіз бағыт ерте анықталады. Командир де, сарбаз да нақты нәтижеге жұмыс істейді. Қару-жарақ, технология, цифрлық бақылау және кәсіби дайындық бір жүйеге бірігеді. Қазақстан армиясының жаңа стандарты осыған негізделуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







