Қазақстан мен Оңтүстік Корея бұқтырылған ет өндіретін бірлескен цех салып, аграрлық сауданы жаңа деңгейге көтермек. Алматыда өткен Қазақстан-Корея бизнес форумында жалпы құны 54,8 млн АҚШ долларына бағаланған коммерциялық құжаттарға қол қойылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірлескен өндіріс орны Қазақстан аумағында салынып, жобаны қазақстандық тараптан Samsar Investment компаниясы жүзеге асырады. Екі тарап салатын инвестицияның жалпы көлемі 1,3 млн АҚШ долларын құрайды. Жаңа цех отандық етті терең өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға мүмкіндік бермек.
Форум барысында Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға 13 млн АҚШ долларына 1 мың тонна сиыр етін экспорттау жөнінде келісім жасалды. Samsar Investment компаниясы корей нарығына ай сайын 3 мың тонна тазартылған күнбағыс майын жеткізуге де уағдаласты. Аталған келісімдер Қазақстанның шикізат экспортынан өңделген азық-түлік саудасына көшу бағытын күшейтеді.
Бизнес форумға екі елден 200-ден астам кәсіпкер қатысты. Оңтүстік Кореяда 55 жыл бұрын құрылған Корея импорттаушылар қауымдастығы Алматыға жүзге жуық бизнес өкілінен құралған арнайы делегация алып келді. Кездесу 2026 жылғы маусымда Сеулде ұйымдастырылған Korea Import Expo көрмесінде басталған іскерлік байланыстың жалғасына айналды.
Сеулдегі көрмеге Қазақстанның ауыл шаруашылығы және тағам өндірісі саласында жұмыс істейтін 15 компания қатысқан. Сол алаңда кореялық импорттаушылар қазақстандық ет, сүт, сусын және өзге де азық-түлік өнімдеріне қызығушылық танытты. Алматыдағы келісімдер аталған қызығушылықтың нақты экспорттық шарттарға ұласқанын көрсетті.
Экспорт 17,2%-ға артты
Корея импорттаушылар қауымдастығының төрайымы Ён Ми Юн Қазақстанның табиғи ресурстармен қатар, Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды экономикалық және логистикалық орталық екенін атап өтті. Оның айтуынша, энергетика, өнеркәсіп, стратегиялық пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы мен тағам өндірісі Кореяға жеткізілетін тауарлар тізбегін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның географиялық орны мен өндірістік әлеуеті корей бизнесі үшін ұзақмерзімді әріптестік құруға қолайлы негіз қалыптастырып отыр.
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 2025 жылы 3,17 млрд АҚШ долларына жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті. 2026 жылғы қаңтар-маусым аралығында өзара сауда көлемі 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. Осы кезеңде Қазақстан өнімдерінің Кореяға экспорты 17,2%-ға артқан.
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Корея Республикасын Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі ретінде атады. Екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылдан бері өзара сенім мен прагматикалық ынтымақтастық негізінде дамып келеді. Ендігі басымдық сауда көлемін ғана ұлғайтпай, дайын өнім мен қосылған құны жоғары тауарлардың экспортын көбейтуге беріледі.
Форум соңында кореялық делегацияға қазақстандық өнімдер көрмесі мен ет тағамдарының дегустациялық кешкі асы ұйымдастырылды. Меркідегі Terra серіктестігі сиыр және қой етінен әзірленген стейктерін ұсынды. Көрмеге Arba Wine, Gold Product, «Алматинский продукт», Lemonadoff, Elimay Qymyz, «Тәп-тәтті», «Бурненская молочная компания», «Вкус Благости», «Мерке Ет», Terra, Fresh Milk, Honey100%, «Баян Сұлу» және Alans компанияларының өнімі қойылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







