Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қазасына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақмола облысы полициясының мәліметінше, жалғызбасты ананы қағып кеткен әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған. Тергеу барысында оның көлік жүргізу құқығы жоқ екені және арнайы оқудан өтпегені анықталды.
Көлікті басқарған әйелге қатысты адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін және көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Сонымен қатар көлік иесі, яғни күдіктінің жұбайына да қылмыстық іс қозғалды. Ол көлік жүргізу құқығы жоқ адамды рөлге отырғызғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Істің барысы Ақмола облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 9 мамырда болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода көліктің аула ішіндегі тұраққа кіре берісте алдымен жол жиегіне соғылып, кейін жаяу жүргіншіні қағып, үстінен басып өткені көрінеді.
Бұл оқиға көлік жүргізу құқығы жоқ адамды рөлге отырғызудың қаншалықты ауыр салдарға әкелетінін тағы көрсетті. Жолдағы жауапсыздық бір отбасының тағдырын өзгертіп, адам өмірін қиды.
Қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа жылдан бастап салық төлеу айтарлықтай жеңілдеді. Бұдан былай бизнес өкілдері салық қарызын кепілсіз-ақ кейінге қалдырып немесе бөліп төлей алатынын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







