Әміриканың Carlyle Group инвест компаниясы ресейлік «Лукойлдың» шетелдегі активтерін сатып алуға келісті, бірақ бір гәп бар деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Reuters-тің дерегінше орыстар Қазақстандағы активтерін өз меншігінде сақтап қалмақ. Тараптардың мәлім еткеніндей саудаға қойылған активтің жалпы құны 22 миллиард доллар. АҚШ билігі келісімді 28 ақпанға дейін мақұлдауы тиіс. Әмірикалықтар мәміле барысында жұмыс орнын сақтап қалуға, активтердің тұрақтылығына кепіл болуға және өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде беріпті.
Carlyle Group-тың иелігіне өтетін активтер арасында Иракта орналасқан әлемдегі ең ірі кеніштің бірі «Батыс Құрна-2», сондай-ақ Румыния мен Бұлғариядағы мұнай өңдеу зауыты бар. Алайда Қазақстандағы жобалар әлгі келісімге енбей қалған.
Ақкенженов не деп еді?
Күні кеше энергімин Ерлан Ақкенженов Қазақстан «Лукойлдың» ел аумағындағы активтерін сатып алу үшін АҚШ-қа өтініш бергенін мәлімдеген. Бұған Каспий құбыр консорциумы (КТК), Теңіз және Қарашығанақ кен орындары кіреді.
Соның алдында Әміриканың Қаржымин-і де аталған жобаларды «Лукойлдың» міндетті түрде сатылатын активтер тізімінен алып тастаған-тұғын.
Ресейлік пропаганда өз кезегінде «Лукойл» Қазақстандағы активтерін ешкімге бермейді» деп жарыса жазуда.
Контекст
Былтыр күзде АҚШ президенті Доналд Трамп Мәскеуге қарсы санкцияны күрт күшейтіп, «Лукойл» мен «Роснефтке» қатаң шектеу қойған. Бұған Украинадағы соғысты тоқтатқысы келмеген Кремльдің әрекеті түрткі болған еді.
Ақ үй бұған дейін «Лукойлдың» швейцариялық Gunvor компаниясымен арадағы келісімін бұғаттап тастаған. Орыстардың активтеріне Carlyle Group-пен қатар ExxonMobil, Chevron сияқты алпауыттар, Әбу-Даби мен Сауд Арабиясының мұнай корпорациялары қызығушылық танытқан еді.
Әзір Carlyle Group активтерге қатысты кешенді аудит жүргізуде. Келісім АҚШ-тың санкцияны бақылау басқармасы (OFAC) тарапынан мақұлданғасын толық күшіне енбек.
Лукойлдың үлесі қанша?
«Лукойлдың» Қазақстандағы активінің қатарында: «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» (13,5%), «Теңізшевройл» (5%), Каспий құбыр консорциумы (12,5%), «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасы (50%) және «Әл-Фараби Operating» (49,99%) бар.
«ҚазМұнайГаздың» үлесі сәйкесінше: КПО – 10%, ТШО – 20%, КТК – 19%, «Қаламқас-теңіз – Хазар» – 50%, «Әл-Фараби Operating» – 50,01%-ды құрайды.
Бұған дейін біз Үкіметтің Қарашығанақ ісі бойынша Лондон сотында Shell мен Eni секілді монстрлардан басым түскенін жазған едік. Мұнай компаниялары елімізге 4 млрд долларға дейін өтемақы төлеуге міндеттелуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

