Екібастұз қаласының тұрғыны интернет алаяқтарға алданып, үш миллион теңгеге жуық қаражатынан айырылып қала жаздады. Күмәнді операцияны байқаған банк қызметкерлері аударымды дер кезінде тоқтатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зейнеткер ақшаны Грузиядағы ем-дом шығынын төлеу үшін жіберіп жатқанына сенімді болған. Алайда банк мамандары операцияның күмәнді екенін байқап, қаражатты бұғаттаған және клиентке алаяқтық қаупі туралы ескерткен.
Оқиғаға киберполиция қызметкерлері қосылды. Олар мән-жайды анықтап, әйелге алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсіндірді. Жедел әрекеттің арқасында зейнеткердің жинаған ақшасы сақталып қалды.
Алаяқтар емделу, туыстың қауіпсіздігі немесе шұғыл ақша аудару секілді адамға эмоционалдық әсер ететін сылтауларды жиі қолданады. Олар жәбірленушіні асықтырып, ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермеуге тырысады.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты интернет алаяқтықпен күресте полицияның жұмысымен ғана шектелмейді. Банк жүйесінің бақылауы, азаматтың қырағылығы және күмәнді әрекет туралы дер кезінде хабарлау ортақ қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Бірнеше минут ақпаратты тексеруге жұмсау үлкен қаржылық шығыннан қорғай алады.
Павлодар полициясы өңір тұрғындарымен тұрақты профилактикалық кездесу өткізіп, цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Тәртіп сақшылары банк пен мемлекеттік орган қызметкерлері телефон арқылы SMS-код, карта дерегі, пароль сұрамайтынын ескертті.
Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне хабарласқан жөн. Белгісіз адамның нұсқауымен ақша аударуға немесе құпия деректі айтуға болмайды. Алаяқтық әрекет байқалса, 102 қызметіне жедел хабарлау қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







