2025 жыл Қазақстандағы метеобақылаулар тарихындағы ең ыстық жыл болып тіркелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» дайындаған талдамалы шолуда былтырғы климаттың негізгі ерекшеліктері егжей-тегжейлі сипатталған. Құжатта ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, қар жамылғысының жай-күйі, агроклиматтық жағдайлар, Каспий теңізі мен Балқаш көлінің деңгейіне қатысты толық мәлімет берілген.
Сарапшылардың дерегіне қарағанда, Қазақстанның климаты жыл өткен сайын жылынып барады. 1960 жылдардан бастап әрбір келесі онжылдық алдыңғыдан ыстық болып келеді.
2016-2025 жылдар аралығындағы орташа температура +7,11 градусқа жетіп, қалыпты деңгейден 0,83 градусқа жоғары болды. Әсіресе 2021-2025 жылдар кезеңі ел тарихындағы ең жылы бесжылдыққа айналды. Осы кезеңдегі орташа температура +7,55 градусты құрады.
XXI ғасырда жылыну үдерісі тіпті қарқын алды. Соның айқын дәлелі ең ыстық болған 10 жылдың тоғызы дәл осы XXI ғасырға тиесілі.
Ал 2025 жыл тіпті рекордтық көрсеткіштермен ерекшеленді. Температура ауытқуы +2,11 градусқа жетті. Бұл көрсеткіш бұрынғы рекорд саналатын 2023 жылғы +1,73 градустан да асып түсті.
Температура ауытқуы әсіресе елдің солтүстік-батыс, орталық аймақтары мен Қызылорда облысында, сондай-ақ батыс және шығыс өңірлердің жекелеген бөліктерінде айқын байқалды. Қазақстан бойынша 176 метеостансада экстремалды жоғары температура тіркелді. Ал 138 метеостансада 2025 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болды.
Жауын-шашын мөлшеріне келсек, 2025 жылы орташа көрсеткіш 295,7 мм құрады, бұл қалыпты норманың 91,8%-ына тең. Елдің кейбір өңірлерінде, атап айтқанда Жамбыл мен Түркістан облыстарында ылғал тапшылығы сезілді.
Ал Павлодар облысында керісінше, жауын-шашын мөлшері нормадан 23%-дан жоғары болды. Ең жоғары көрсеткіштер солтүстік пен шығыста байқалды. Бұл аймақтарда жауын мөлшері нормадан 150%-ға дейін асты.
Мамандардың айтуынша, 1976–2025 жылдар аралығында Қазақстанның орташа жылдық температурасы әр онжылдық сайын 0,4 градусқа көтеріліп отырған. 2000 жылдардан кейінгі жылдары температурадағы оң аномалиялар тұрақты байқалса, 2010 жылдан кейін бұл үрдіс тіпті үдей түсті.
Ал синоптиктердің 2026 жылдың жазына берген болжамы бойынша, алдағы маусымда ел аумағында қатты ыстықпен қатар, қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай, бұршақ пен екпінді жел жиі қайталануы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







