Талдықорғанда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба 2026-2029 жылдарға арналған коммуналдық және энергетикалық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Негізгі мақсат инженерлік инфрақұрылымның тозуын азайтып, қала тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда облыс орталығында 1980 жылы пайдалануға берілген диаметрі 700 мм жылу магистралін реконструкциялау көзделген. Бұл желінің тозу деңгейі 61 пайызға жеткен.
Жоба 2029 жылға дейін үш кезеңмен жүзеге асырылады. Қайта жаңғыртылатын жылу желілерінің жалпы ұзындығы 8,7 шақырымды құрайды. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 38 пайызға дейін төмендейді деп жоспарланған.
Биыл жобаның бірінші кезеңі жүргізілуде. Оның ұзындығы 3,5 шақырым. Бүгінге дейін 800 метрлік учаскеде жұмыс аяқталып, жоспардың 25 пайызы орындалды.
Бірінші кезең нәтижесінде магистральдық жылу желісінің тозу деңгейі 51,8 пайызға дейін төмендейді. Бұл жылыту кезеңінде апат қаупін азайтып, жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жаңғырту жұмыстары жылу энергиясының шығынын азайтып, жүйенің тиімділігін арттырады. Сонымен қатар пайдалану шығындары қысқарып, қала инфрақұрылымының сенімділігі күшейеді.
Талдықорғандағы жоба еліміз бойынша жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі саналады. Биыл Қазақстанда жылыту маусымына дайындық аясында 377 шақырым жылу желісін қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жоспарланған. Оның 130 шақырымы ұлттық жоба шеңберінде іске асырылады.
Қазіргі уақытта 16 өңірде 152 шақырым желіде жұмыс жүріп жатыр. Соның 35 шақырымы аяқталды.
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жылумен жабдықтау нысандарының дайындығын және жөндеу жұмыстарының кестеге сай орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







