Қытайда жапондық Toyota алпауытының құрылымы түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Қытайлық GAC концерні мемлекеттік FAW корпорациясына тиесілі болған FAW Toyota бірлескен кәсіпорнының 50 пайыздық үлесін, яғни толық акциялар пакетін сатып алатыны белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәміле нәтижесінде жапон маркасы үшін Қытайда жалғыз бірыңғай бірлескен кәсіпорын қалады. Өз кезегінде FAW компаниясы GAC тобының көлемі жағынан екінші ірі акционеріне айналмақ. Бұл ретте қос автоөндірушіге де Қытай мемлекетінің бақылауы толық сақталады.
Сатылымның құлдырауы және бәсеке тығырығы
Бұған дейін FAW Toyota және GAC Toyota кәсіпорындары Қытайдың әртүрлі аймағында дербес жұмыс істеп келген еді. Нарықта бірін-бірі тікелей қайталайтын ұқсас модельдер қатар сатылды. Мысалы, FAW шығаратын Toyota RAV4 пен GAC құрастыратын Toyota Wildlander кроссоверлері ішкі бәсекелестік тудырған болатын. Алайда саладағы қазіргі ахуал мұндай артық шығындарға жол бермейді.
China EV DataTracker дерегі бойынша, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында GAC Toyota 446 591 көлік сатып, көрсеткіш бір жыл ішінде 10%-ға кеміген. Ал FAW Toyota осы уақытта 378 872 көлік өткізіп, сатылымы бірден 26,6%-ға құлдыраған.
Жапон концерні не ұтады?
Активтердің GAC қолына өтуі жапон автоөндірушісіне бірқатар стратегиялық артықшылық береді. Біріншіден, дилерлік желілер бірігіп, логистикалық шығындар барынша оңтайландырылады. Сонымен қатар электромобильдер мен қайта қуатталатын гибридтерді, соның ішінде 2027 жылға жоспарланған дәйекті гибридтерді (EREV) әзірлеу жұмыстары жеделдейді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл интеграцияның түпкі себебі Қытай үкіметінің саясатымен тығыз байланысты. Ресми билік ел ішінде өршіген қатаң баға соғысы мен сұраныстың әлсіреуі кезінде автоөндірушілерді сақтап қалу үшін оларды ірілендіруге бағыттап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







