Саясаткер Азамат Әміртай Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың мәлімдемесіне атүсті қарауға болмайтынын ескертті деп жазады Ertenmedia.kz.
Айта кетелік, ресейлік дипломат Тоқаевтың Петербор форумындағы уәжіне қарсы келіп, «аумақтық тұтастық өз жеріндегі барлық халықтың мүддесін толық қорғай алған елдерге ғана сақталуы тиіс» деген болатын.
Осы арқылы Кремль БҰҰ жарғысын елей бермейтінін тағы бір рет аңғартқан болатын.
«2022 жылы президент Тоқаев БҰҰ жарғысын алға тарта отырып, Украинаның Ресей жаулап алған Луганск мен Донецк аймағын жеке мемлекет ретінде мойындамайтынын тайға таңба басқандай қадап тұрып айтқан. Арада үш жыл өткен соң, Лавров Тоқаевтың айтқанына қарсы шығып отыр. Неге үш жылдан кейін? Мәскеу Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын ақтап алмақшы. Негізгі сылтау осы. Ресей БҰҰ жарғысындағы ұлттардың өзін –өзі басқару деген бабын пайдаланып отыр. Екіншіден Астанаға да ескерту жасауда», — дейді Азаматхан Әміртай.
Оның пайымдауынша Кремль Қазақстанның солтүстігіндегі қалың орыстың көңіл-күйінен хабардар.
«Лавровтың бұл сөзіне немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл ресми Мәскеудің Лавровтың аузымен айтқаны. Бұл жерде бізге ойлануға, сақтануға тура келеді. БҰҰ жарғысы және ірі мемлекеттер берген кепілдік бізді қорғайды деген сенім, самарқаулық ендігәрі жүрмейді. Украинаға да кепілдік берілген. Бірақ сол сақталып отыр ма? Олай болса, солтүсік облыстарды қазақыландыру саясаты тоқтауға тиіс емес», — дейді саясаткер.
Әміртай осы тұста Ресейдің федерациялық мемлекет еске салып отыр. Пікірінше, ресейлік дипломат ертеңгі күні өз мәлімдемесінің тұтқынына айналуы мүмкін.
«Құрамында жиырманың үстінде автономиялы республикалар, облыс, бірнеше аймақтар бар. Ертең олар «жеке мемелкет болғымыз келеді» десе, Мәскеу не деп жауап береді?», — дейді ол.