Президент Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында елдің көрнекті тұлғаларына мемлекеттік наградаларды тапсырды. Биыл шығармашылық саладағы 120 азамат марапатталса, бірнеше тұлғаға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы сахна майталмандарының ел мәдениетіне қосқан ерекше үлесін атап өтті. Атап айтқанда, қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін жарты ғасырға жуық уақыт бойы дәріптеп келе жатқан белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Бурмистрова «Отан» орденімен марапатталды.
Ал «Барыс» ІІ дәрежелі ордені Қазақстанның халық әртісі, әйгілі Мақпал Жүнісоваға табысталды.
Сонымен қатар, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Ганцева «Барыс» ІІІ дәрежелі орденімен марапатталды.
«Бүгін арамызда танымал әнші және домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол шамамен жарты ғасыр бойы қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап, жастарға үлгі болып келеді. Бүгін мен Татьяна Бурмистрованы «Отан» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойдым. Сондай-ақ бүгін ерекше даусымен халықтың сүйіктісіне айналған, әсіресе әйелдер қауымының ыстық ықыласына бөленген Мақпал Жүнісоваға ІІ дәрежелі «Барыс» орденін табыстауды жөн көрдім», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты марапаттау рәсімінде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







