Қазір қоғамда сайлауға қатысатын саяси ұйымдардың партиялық тізімі кең талқылануда. Өз кезегінде саясаттанушы Досым Сәтпаев тізімдер түзілгенімен елімізде шынайы бәсеке тудыратын партиялар қалыптаспаған айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, кез келген қонақтар тізімін алып, «партиялық тізім» деп атауға болады. Өйткені «партия» деген атаудың өзі ұйымның саяси табиғатына кепілдік бермейді. Партия мемлекет тіркеген заңды тұлға ғана емес, қоғамда нақты міндет атқаратын саяси институт болуы керек.
– Партия қоғамдағы түрлі топтың мүддесін білдіріп, саяси бағдарын дербес қалыптастырып, билік үшін идеялық негізде бәсекеге түсуге тиіс. Осындай функциялар орындалмаса, ұйым қағаз жүзінде партия саналғанымен, мазмұны жағынан аталған мәртебеге сай келмейді, – дейді саясаттанушы.
Саясаттанушы мұндай құрылымдарда идеологияның орнын билікке адалдық басатынын айтады. Негізгі шешімдер партия ішінде қабылданбайды. Бағыт-бағдарды саяси зертханада ұйымды қолдан құрастырған адамдар айқындайды. Соның салдарынан партия дербес саяси күшке айнала алмайды.
Мұндай жағдайда ішкі партиялық демократия да болмайтыны білеглі. Басшылық үшін ашық бәсеке өтпейді, пікірталасқа орын берілмейді, қатардағы мүшелер ұйым саясатына төменнен ықпал ете алмайды. Кандидаттар тізімі талқылау арқылы жасалмай, жоғарыдан дайын күйінде бекітіледі.
Сәтпаев партия мүшелігінің де сәндік сипат алып бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, кей адам ұйым қатарына ортақ құндылық пен саяси көзқарас үшін емес, қызметтік өсу, бизнес мүддесі немесе белгілі бір ресурсқа қол жеткізу үшін қосылады. Мұндай ортада мүшелік азаматтық ұстанымнан гөрі мансаптық құралға айналады.
Саясаттанушы кандидаттарды іріктеу тәсілін де сынға алды. Оның ойынша, тізімге атақты адамдар, әншілер, әртістер, спортшылар, медиа өкілдері мен саяси бағытын жағдайға қарай жылдам өзгерте алатын шенеуніктер көптеп енгізілсе, партия өкілдік емес, маркетингтік міндет атқарып отыр деген сөз.
– Мұндай тізім ел басқаруға қабілетті адамдарды емес, билікке қол соғу тәжірибесі мол тұлғаларды жинау қағидатымен жасалады. Кандидаттың саяси білімі, басқарушылық тәжірибесі мен қоғамдық ұстанымы екінші қатарға ығысады. Ал танымал есім мен билікке адалдық негізгі өлшемге айналады, – дейді Досым Сәтпаев.
Партия саяси мазмұнын танымалдыққа айырбастады
Сәтпаевтың айтуынша, соның салдарынан партия мен қоғамның арасындағы байланыс үзіледі. Толыққанды саяси ұйым азаматтардың, кәсіподақтардың, кәсіпкерлердің, өңірлердің және өзге әлеуметтік топтардың талабын жинақтап, оны нақты саяси бағдарламаға айналдыруы керек.
Ал сайлау кезінде ғана бой көрсетіп, қалған уақытта тұрақты саяси жұмыс жүргізбейтін ұйымның партиялық табиғаты күмән тудырады. Қоғаммен байланыссыз құрылым халықтың мүддесін білдіре алмайды және электоралдық науқанға арналған уақытша жоба деңгейінде қалады.
Саясаттанушының пайымынша, партия қоғам мүддесін қорғамаса, саясатын өз бетінше қалыптастырмаса және идея арқылы билікке таласпаса, мазмұндық тұрғыдан партия болудан қалады. Мұндай ұйымның міндеті саяси бәсеке құру емес, бұрыннан қалыптасқан билік орталығына қолдау көрсетумен шектеледі.
Досым Сәтпаев саяси кеңістік бос қалмайтынын да ескертті. Оның ойынша, жүйеде дербес әрі ықпалды партиялар болмаса, олардың орнын жабық кулуарлық топтар мен ықпал орталықтары басады. Соның салдарынан мемлекет жаңа ішкіэлиталық қақтығыстардың тұтқынына айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







