Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ел арасында тараған ақпараттарға жауап берді, – деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Көпшілік өңір әкімінің түрлі лауазымдарда басшылық қызмет атқаруын «билікте бұрыннан отырған шенділердің арқасы» деп топшылайды. Алайда әкім мұның бәрі қауесет екенін жеткізді.
«Теміржолдың ішінде жұмыс істеп жүргенде, көлік министрі Әбілғазы Қалиақпарұлы деген ағамыздың қабылдау бөлмесінен телефон шалып, «сағат 15.00-де сізді министр күтіп отыр» деді. Барып едім, жаңа комитеттің төрағалығына жұмыс ұсынды. Әрине, келісемін. Мемлекеттік қызметке тестілерден, емтиханнан өтесің. Сөйтіп кірісіп кеттім. Сол жақта жасап жүргенде өзімнің туған Бейнеуімнен бір таныс ағам телефон соғады. «Жаңа садақадан шықтық» деді. «Қабыл болсын» десем, «айтайын деп отырғаным, садақа емес. Сол садақада бір ақсақал сені талқылады. «Ол Игіліктің баласы қалай бастық болып кетті? Мүмкін емес. Артында бір тіреуі бар», кім екен деп қазбалап іздеп кетті» дейді.
Ол кезде Президент әкімшілігінің басшысы – Аслан Мусин деген кісі. Ол кісіні тек теледидардан көргеніміз болмаса, танымаймыз. Қазбалап келіп, «Игіліктің өзінің айналасында туысқандарының бәрі ауылда, оларды білеміз» дейді де, сөйтіп «нағашысы кім еді?» деп, нағашыларымды қазбалап кетеді. Нағашыларым – Ақтөбенің әлімдері. Ауылдың ақсақалдары «түсінікті, нағашысы Аслан Мусин болды. Сол көтеріп отыр» деген тұжырымға келеді», – деді ол «Саясаткер» бағдарламасына берген сұхбатында.
Нұрдәулет Қилыбай Асқар Маминге қатысты ақпарат қайдан шыққанын да түсіндірді.
«Сөйтіп жүрген кезде 2011 жылы Маңғыстау теміржол бөлімшесіне бастық болып келдім. 2012 жылы баяғы комитетке қайтадан шақырып, екінші рет төраға болып келемін. Ол кезде Аслан Мусин деген азамат жоқ. Жұмыстан кетіп қалған. Жаңағы ағам бір күні қайта телефон соғады. «Қайта сені талқыладық» деді. «Аслан Мусин кетіп қалды, комитетке қайта төраға болып барды. Көтеріп отырған кім болғаны сонда?» деген. Өз жұртымнан, нағашы жұртымнан шықпады.
Қайын жұртымды қазбалап кетеді. Біреуі (әйелімді – еск.) «Орта жүздің қызы болуы керек» дейді. «Орта жүз болса, теміржолдың бастығы Асқар Мамин де Орта жүз, қайын ағасы болып шықты, сол көтерген» деген әңгіме шығып кетеді. Солай тарап кеткен нәрсе. Әйтпесе, ол кісімен өмірімде алғаш рет жүзбе-жүз 2008 жылы ҚТЖ ғимаратында кездескенбіз. Әрине, жұмыс барысында ол кісі басшымыз болды. Бірге жұмыс істедік. Қазақта «үш қайнаса сорпасы қосылмайды» деген сөз бар. Үш қайнаса сорпасы қосылмайды», – деді әкім «Саясаткер» бағдарламасына берген сұхбатында.