Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстауда табылмай жатқан екі әскери қызметшіні тәулік бойы үздіксіз іздеуді тапсырды. Ол бастаған Үкіметтік комиссия төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастырып жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір мемлекеттік органдардың іс-қимылы мен іздестіру-құтқару жұмыстары бір орталықтан үйлестірілуде. Негізгі міндет – орналасқан жері әлі анықталмаған екі сарбазды табу. Іздеу шараларына қажетті күштер мен техникалық құралдар жұмылдырылған.
Нақтыланған мәлімет бойынша, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмасы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 12-сінің қаза тапқаны расталды.
Қанат Бозымбаев жауапты органдарға іздеу жұмысын тоқтатпай жалғастыруды және барлық мүмкіндікті пайдалануды міндеттеді. Сонымен бірге қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және өзге де қажетті көмек көрсету тапсырылды. Тиісті органдар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Үкіметтік комиссия оқиға орнындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Іздестіру-құтқару шаралары екі әскери қызметшінің орналасқан жері анықталғанға дейін жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







