Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов желтоқсанның соңында бостандыққа шығады. Бұл туралы бүгін Сенат қабырғасында журналистердің сұрағына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Azattyq Rýhy басылымына сілтеп.
Ол алдымен тергеушілер Шерзат Болаттың өліміне қатысты 11 қылмыстық іс тергеп біткенін, іс материалдары осы жылдың соңына дейін екі тарапқа танысуға берілетінін айтты. Шерзаттың өліміне қатысты 11 адам қамалған.
«Шерзат Болаттың әкесі әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалған болатын. Сот шешімі бойынша осы айдың соңында, мерзімі өткен соң босайды», — деді ІІМ өкілі.
Еске салайық, 9 желтоқсанда Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал жерлеу рәсімінен соң Шерзаттың әкесі ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кейін сот шешімі шығып, ол 15 тәулікке қамалды. Шерзат Болаттың өзге де туыстарына қатысты сот үкімі шықты. Оның ішінде Шерзаттың әпкелері де бар.