Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектеп бітіру кеші мен банкет төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның пайымынша, мектеп мұндай шараның ұйымдастырушысы болмауы керек, ал қоштасу кеші барынша жинақы әрі қауіпсіз форматта өткені жөн.
Талқылауға Оқу-ағарту министрлігінің банкеттер мен даңғаза шараларға жол берілмейтіні жөніндегі мәлімдемесі түрткі болған. Қоғам ішінде пікір екіге жарылды. Бір тарап аттестат табысталғаннан кейін түлек енді мектеп оқушысы саналмайды, сондықтан мерекені қалай өткізу керегін отбасы өзі шешуі тиіс деп санайды.
Мектеп басқарған кезеңін еске алған Ирина Смирнова банкетті бітіру кешінің міндетті бөлігіне айналдыруға бұрыннан қарсы болғанын айтты. Оның сөзінше, мектеп банкет өткізуді емес, мүлде басқа құндылықтарды үйретуі керек.
Депутаттың ойынша, оқу аяқталуы да мектепке тән сипатта өтуге тиіс. Яғни түнгі қыдырусыз, мейрамхана жағалаусыз, мазмұны бар, шеңбері анық формат қажет. Ол күндіз өтетін шағын капустник, ресми кездесу және құжат тапсыру рәсімі әлдеқайда орынды болатынын жеткізді.
Смирнова тағы бір маңызды жайтқа назар аударды
Айтуынша, барлық түлек бірдей банкетке барғысы келмейді. Қазір-ақ мұндай кешке мүлде қатысқысы келмейтін жастар бар, олардың таңдауы да құрметтелуге тиіс.
Сонымен қатар депутат мектептен тыс өтетін мерекеге жауапкершілік жүктеу мәселесін де ашық айтты. Егер кәмелетке толмаған түлектер ресми бөлімнен кейін басқа жерге баратын болса, жауапкершілік мектепте емес, ата-анада болуы керек деген ұстаным білдірді.
Оның айтуынша, таңертең аттестат тапсырылған соң мектептің міндеті аяқталады. Сол сәттен кейін директор мен мұғалімнің әр баланың кешкі жүріс-тұрысына жауап беруі қисынға келе бермейді.
Ирина Смирнова мектепке артық жауапкершілік арту әрекеті көбіне «кейін кінәлі болып қалмаудың» амалына ұқсайтынын да жасырмады. Депутаттың сөзінше, заңда да мектептің сабақтан тыс уақытта, тіпті оқу жылы ішінде де, мектептен тыс жүрген оқушыға толық жауап бермейтіні нақтыланбақ. Ал оқуын аяқтап, құжатын қолына алған адам үшін таңдау да, салмақ та өз мойнына ауысады.
Осылайша, депутат мектеп бітіру кешін салтанат жарысына емес, тәрбие мен жауапкершілік өлшеміне бағындыруды ұсынып отыр. Яғни негізгі межe бір күндік даңғаза емес, қауіпсіздік пен ата-ананың тікелей қатысуы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







