Бишімбаев ісінде Нүкеновтердің адвокаты болған Жанна Оразбахова осы істегі тағы бір жаңа куәгердің әңгімесін жариялады, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Салтанаттың ісіне қатысты тағы бір оқиғаны айтып берейін. Мистика дерсіз», — деп жазды ол.
Адвокаттың сөзінше, шілдеде Астанаға Жоғары сотқа барған. Қонақүйден шығып, таксиге отырған кезде такси жүргізушісі адвокатты танығанын, оған айтары барын жеткізген.
Оразбахованың айтуынша, 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні, яғни Нүкеноваға қатысты оқиға болған түні шамамен сағат 3.00-де осы такси жүргізушісі гастроцентрге шақырылған.
«Барған кезде ол шақырту қыздан түскенін білген. Қыз көшеде ер адаммен тұрған, кейін таксиге отырмақ болған. Алайда қасындағы ер адам оны ұстап тұрып, көлікке отырғызбаған. Такси жүргізушісі олардың арасында жанжал болып жатқанын түсініп, көліктен түспек болған. Сол сәтте жолаушы жағындағы есікті ер адам ашып, такси жүргізушісін балағаттай бастаған. Ер адам бұл қыз әйелі екенін, ол ешқайда бармайтынын айтып, такси жүргізушісіне «кете бер» деген. «Бұл менің мейрамханам, кім екенімді білесің бе?» деп айғайлаған. Такси жүргізушісі шамданып көліктен түспек болған. Бірақ сол кезде гастроцентрдің күзетшісі келіп, «кетіңізші, бұл — біздің бастығымыз, ешқандай төбелес керек емес» деген. Осылайша такси жүргізушісі кетіп қалған. …Кейін оған таңғы сағат 7-8 шамасында гастроцентрден тағы да тапсырыс түскен. Ол келген, 15 минут күтіп, кетіп қалған. Ешкім шықпаған», — деп жазды адвокат.
Оның сөзінше, такси жүргізушісі әлеуметтік желіде отырмайтынын, жаңалықтар оқымайтынын айтқан. Сол түннен кейін бірнеше ай өткен соң оған әріптестері соттың сілтемесін жіберіп, «9 қарашаға қараған түні осы адаммен арада жанжал болған жоқ па?» деп сұраған.
«Ол тікелей эфирді ашқанда шошып кеткен. Сотталушының дауысын, түрін таныған. Себебі сол түні есікті ашып, балағаттаған сол адам (Бишімбаев — еск.) еді. Такси жүргізушісінің телефоны мен есімін жазып алдым. Салтанаттың кетіп қалуға мүмкіндігі болды дегендерге айтарым, олай емес. Ол кеткісі келді, бірақ кете алмады», — деп жазды адвокат.
Айта кетейік, 2024 жылы 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болды. Олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.
Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.
Бұған дейін де ҚАЖК өкілдері колонияда экс—министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.
Ал 12 қарашада апелляциялық алқа Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағыммен оның бұрынғы әйелінің талап арызын қарады.
Сот мәліметінше, экс-министр балаларының тегін өзгертуіне қарсы болмады, алайда оны ата-ана құқығынан айырмады.