Өзбекстан бүгінгі таңда Орталық Азиядағы мақта өсіріп қана қоймай, оны толықтай өңдеп, дайын өнімге айналдыратын жаңа индустриялық мемлекетке айналып отыр. Көршіміз жыл сайын орта есеппен 3 миллион тонна мақта жинап, одан 1 миллион тоннадан астам талшық өндіріп отыр. Алайда соңғы жылдары билік бағытын өзгертіп, енді бүкіл өнімді ішкі зауыттарда өңдеп, дайын мата мен киім ретінде шетелге сатуды жолға қойды.
Өзбекстанда 2020 жылдан бастап мақта талшығын экспорттауға толық тыйым салынып, отандық фабрикаларға мүмкіндік берілді. Салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдаудың арқасында аз ғана жылдарда кәсіпорындар саны алты есе өсіп, 6 мыңға жеткен. Бүгінде бұл салада 600 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Бүгінде Өзбекстанның даму стратегиясы да айқын. Шикізатқа тәуелді болмай, қосылған құны жоғары өнім шығаруды көздеп отыр. Бұрын жыл сайын 600-700 мың тонна мақта талшығын сату үшін арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырса, қазір олардың орнын халықаралық көрмелер басқан. Ташкентте өткен соңғы «Текстиль апталығы» кезінде жиырмадан астам елден 250-ге жуық компания қатысып, жаңа серіктестіктерге жол ашқан. Түркиядан келген 40-тан астам компанияның қатысуы Өзбекстанның аймақтық нарықтағы рөлін көрсетіп берді.
Статистикаға назар аударсақ, 2016 жылы текстиль экспорты небәрі 899 миллион доллар болса, 2024 жылы ол үш есеге артып, 3 миллиард долларға жетті. Дайын киім мен трикотаждың өзі 1,1 миллиард доллар әкелген. Бүгінде өзбектер 700 түрлі өнім әлемнің елуге жуық еліне саудалап отыр. Бүгінгі күні текстиль Өзбекстан экспортының 10 пайыздан астамын қамтамасыз етуде. 2017-2021 жылдар аралығында 140 ірі жобаға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция салынған. Соның нәтижесінде сегіз жыл ішінде саланың көлемі 2 миллиардтан 8 миллиард долларға дейін өсті.
Келесі кезең одан да ауқымды. Президент Шавкат Мирзиёев бекіткен жаңа бағдарлама 2027 жылға дейін 5 миллиард долларлық инвестиция тартуды көздейді. Мқндағы мақсат 2027 жылы текстиль экспортының көлемін 7 миллиард долларға жеткізу. Әсіресе АҚШ пен Еуропа нарығына жол ашу жоспарда бар. Бұл үшін «Made in Uzbekistan» бренді халықаралық деңгейде жан-жақты насихатталуда.
Экономистердің айтуынша, 2022 жылы халықаралық қауымдастықтың Өзбекстан мақтасына енгізілген бойкотты алып тастауы салаға жаңаша серпін берген. Әлем елдері енді мақтаны күмәнсіз қабылдайды, ал Еуроодақтың GSP+ жеңілдіктер жүйесін 2027 жылға дейін ұзартуы экспортқа қосымша мүмкіндік туғызып отыр.
Реформалардың әлеуметтік әсері де бар. Жүздеген мың адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл ауылдағы жастардың қалаға ағылып кетпей, өз жерінде еңбек етуіне мүмкіндік беретіні анық. Бұрын валюталық түсім тек мақта талшығын сатудан түссе, қазір дайын өнімнің өзі елге мол табыс әкеліп отыр. Әлемдік нарықта Өзбекстан енді «арзан шикізат көзі» емес, бәсекеге қабілетті дайын өнім жеткізуші ел ретінде таныла бастады.
Экономист Рустам Умаров айтқандай, Өзбекстан өз нарығымен шектеліп қалмай, жаңа аймақтарға жол іздеу үстінде. Егер жоспарланған 7 миллиард долларлық экспорт орындалса, Орталық Азиядағы ең ірі текстиль орталығы осы ел болмақ.