Оқу-ағарту министрлігіндегі кадр саясатына қатысты дау шықты. Қоғам белсендісі Гүлнар Мансұрқызы желіде тараған ұжымдық шағымға назар аударып, ведомствода кәсіби мамандар қысымға ұшырап, орнына талапқа сай келмейтін адамдар келіп жатыр деген мәселе көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Белсендінің айтуынша, Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту, кәсіби әрі жауапты басқарушыларды қалыптастыру туралы сан рет айтқан. Президент «жаңа форматтағы басқарушылар» ашық жұмыс істеп, заң талабын қатаң сақтауы тиіс екенін де ескерткен.
Гүлнар Мансұрқызы Оқу-ағарту министрлігінде болып жатқан жағдай осы ұстанымға қайшы деп отыр.
«Оқу-ағарту министрлігінде не болып жатыр? Желіде тараған қызметкерлердің үндеуіне қарағанда, ведомство мүлде басқа стандартқа сырғып кеткен. Сын айтушылар қазіргі жағдайды «ұнамағанды кетір, айтқаныңа көнетінді ал» деп қысқа-нұсқа сипаттап отыр», — деп жазды ол.
Оның сөзінше, әзір желіде министрлік қызметкерлерінің Тоқаевтың атына жолдаған ұжымдық шағымы қызу талқыланып жатыр. Құжат жұмыстан шығарылған немесе кетуге мәжбүр болған мамандардың, жетекшілердің ұзақ тізімі келтірілген.
Белсенді жазбасында министрліктен кеткен немесе қысым көрген адамдардың ұзын саны 22-ден асатынын алға тартады. Олардың арасында қаржы блогы, цифрландыру, инклюзивті және орта білім, Ы.Алтынсарин атындағы академия, «Өрлеу», «Талдау», «Дарын», «Талап», «Балдәурен» секілді маңызды құрылымдарға қатысы бар тәжірибелі мамандар аталады.
Гүлнар Мансұрқызының пікірінше, мәселе тек ауыс-түйісте емес емес. Шағымда кейбір адамдарды қызметке қою үшін біліктілік талаптары төмендетіліп жатыр деген ауыр күдік келтірілген.
«Тоқаев меритократия кадр іріктеудің басты өлшеміне айналуы керек екенін нақты айтты. Кәсіби жарамдылық стандартын жеке бастың адалдығы үшін бұрмалауға болмайды. Бірақ іс жүзінде, хатта айтылғандай, басқа көрініс байқалып отыр», — дейді белсенді.
Бұдан бөлек…
Жазбада «Өрлеу» және оның екі филиалындағы басшылық қызметтерге ғылыми дәрежесі жоқ, бұрынғы талаптарға сәйкес келмейтін адамдар келгені де айтылады. Авторлар мұны стандарт нақты кандидаттарға ыңғайланып қайта жазылып жатыр деген күдікпен байланыстырады.
Сонымен бірге белсенді жаңа тағайындалған кей адамдарға қатысты марапат мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, ұзақ жыл еңбек еткен кәсіби мамандар қысым көріп жатқанда, ведомствоға жақында ғана келген кей қызметкерлер бір айдан жеті айға дейін жұмыс істеп үлгермей жатып мемлекеттік наградаға ұсынылған.
Гүлнар Мансұрқызы осы тұста Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне де сұрақ бар екенін айтады. Оның пікірінше, мұндай кадрлық шешімдердің қаншалық заңды қабылданғаны, конкурстардың ашық өткен-өтпегені бөлек тексерілуі керек.
Желіде тараған шағым авторлары уәкілетті органдарға тікелей жүгінуден қауіптенетінін де жеткізген. Олар арыз-шағым формалды жауаппен жабылып қала ма деп алаңдайды. Сондықтан қызметкерлер анонимді сауалнама өткізіп, тәуелсіз аудит жүргізуді және министрлік басшылығына қатысты сынды әділ бағалауды сұрап отыр.
Тоқаев тапсырмасы ұмыт қалған ба?
Гүлнар Мансұрқызы өз жазбасында жасанды интеллектке қатысты жеке мысалын да келтірді. Оның айтуынша, 25 мамырда Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөнінде тапсырма берген. Ал өзі 2025 жылдың қарашасынан бері министрлік бұйрығымен жасанды интеллект жөніндегі жұмыс тобының құрамына ресми кірген.
Алайда белсенді осы уақыт ішінде бір ғана отырыс өткенін айтады. Ол жиынды министр Жұлдыз Сүлейменованың өзі басқарған. Содан кейін жұмыс тобы қайта жиналмаған, ұсыныс қабылданбаған, сарапшылармен жүйелі талқылау жүрмеген.
«Жақында цифрландыру бағытына жауапты вице-министр тағайындалды. Бірақ ол да сарапшылар қауымдастығымен бірде-бір рет байланысқа шыққан жоқ. Жұмыс чатында толық тыныштық. Осы жағдай Президенттің стратегиялық тапсырмалары бюрократиялық формализмнің ішінде қалай көміліп қалатынын анық көрсетеді», — деп жазды Гүлнар Мансұрқызы.
Белсенді министрлік жұмыс топтарын қағаз жүзінде ғана құрып, нақты сараптамалық пікірге құлақ аспаса, мұндай бастамалардың мәні жоғалатынын айтады.
«Егер министрлікке шынайы эксперттік пікір керек болмаса, жұмыс тобын құрудың қажеті қанша?» — деп түйіндеді ол.
Әзірге Оқу-ағарту министрлігі желіде тараған шағым мен белсенді көтерген мәселелерге қатысты ресми түсініктеме бергені туралы мәлімет жоқ. Редакция ведомство ұстанымын жариялауға дайын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







