Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларды қолдау аясында ұсыныс білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, Қазақстанның оқушылары әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда топ жарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жатыр.
Дарынды оқушыларды қолдау мақсатында 2021 жылдан бастап Президенттің тапсырмасымен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына 5 миллион теңге шамасында үстемақы және конкурссыз университетке түсу үшін грант беріле бастады.
«Бұл шынымен де үлкен қолдау болды. Алайда бұл шаралармен тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары қамтылған еді. Ал халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары назардан тыс қалды. Бүгінгі таңда біздің оқушылар робототехника және басқа да ғылыми жарыстардан әлем чемпионаттарында жоғары жетістіктерге жетуде.
Осыған байланысты, дарынды балаларды қолдау үшін, заң жобасында ең беделді халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына ҰБТ-сыз университетке түсуге грант беру ұсынылды. Біздің ойымызша, бұл әділетті әрі маңызды шешім», — деді депутат.