Энергі министрі Ерлан Ақкенженов Павлодар мұнай-химия зауытының су тегінге сатылатыны туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Журналистер зауыттың бар-жоғы 500 млн долларға сатылуы мүмкін екені туралы әңгіменің рас-өтірігін сұраған еді. Министрдің айтуынша, Павлодар зауытын сату туралы Үкімет деңгейінде ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ.
«Бұл ма, бұл өтірік ақпарат. Үкімет деңгейінде мұндай келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ. Кейбір сарапшының мем.активтерді «арзанға сатқалы жатыр» деген сөзі жалған», – деді Ақкенженов.
Министр мемактивтерді бағалаудың бірнеше тәсілі бар екенін атап өтті. Оның бірі мүліктің нақты нарықтық құны бойынша бағалау болса, екіншісі EBITDA көрсеткішін арнайы коэффициентке көбейту арқылы экономикалық бағалау.
«Мысалы, активтің EBITDA көрсеткішін беске көбейтсе, нақты нарықтық бағаға жақын сома шығады. Сондықтан активті «арзанға сатып жатыр» деген пікір дұрыс емес», – деді министр.
Ақкенженов сондай-ақ мемлекет мұнай өңдеу зауыттарын сату жоспарын қарастырып жатпағанын да баса айтты. «Активтер арзанға сатылмайды, жалпы біз оларды сатуды көздеп отырған жоқпыз», – деді министр.
«Сатқан күннің өзінде су тегінге бере салмаймыз» дейді министр…
Ақкенженов мұнай өңдеу зауыттарының Бәсекені қорғау және дамыту агенттігінің жекешелендіру картасына не себепті енгізілгеніне де түсініктеме берді.
«Агенттік зауыттарды қызметтік міндеті бойынша жекешелендіру картасына енгізген. Себебі бүгінгі таңда мұнай өңдеу нарығы түгелдей мемлекеттің бақылауында. Агенттіктің басты міндеті нарықта бәсекені дамыту», – деді министр. Министрдің пікірінше, зауыттардың жекешелендіру картасына енуі олар міндетті түрде сатылады деген сөз емес.
«Егер болашақта сату туралы мәселе көтерілсе де, бұл арзан бағаға жасалмайтыны анық. Мұнай өңдеу зауыттары бүгінде «ҚазМұнайГазға», «Самұрық-Қазынаға» және мемлекетке тұрақты табыс әкеліп отырған табысты кәсіпорындар», – деп қорытты сөзін Ерлан Ақкенженов.
Еске сала кетейік, биыл наурыз айында Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын ішінара жекешелендіру мәселесі талқыланған болатын. «ҚазМұнайГаздың» мәлімдеуінше, Бәсекені қорғау және дамыту агенттігі мұнай өнімдері нарығында мем.сектор үлесін азайтып, бәсекені күшейту туралы ұсыныс берген.

