Павлодар қаласында кезекте тұрған 193 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Он екі қабатты тұрғын үй қаланың қарқынды дамып келе жатқан «Достық» шағын ауданында бой көтерді. Жаңа қоныс иелерін облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Баспаналы болғандардың арасында жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар. Пәтерлер мүгедектігі бар азаматтар мен ардагерлерге де берілді. Кейбір тұрғын өз шаңырағына қол жеткізу үшін кезекте 18 жылға дейін тұрған.
Асайын Байханов халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Ол ұзақ жыл кезегін күтіп, сабыр танытқан азаматтарға алғыс білдірді. Өңір басшысы павлодарлықтарды баспанамен қамту жұмысы алдағы кезеңде де жалғасатынын жеткізді.

Көпбалалы әке Жәнібек Қуаныш жаңа пәтер отбасының тұрмысын түбегейлі өзгертетінін айтты. Енді балалары өз үйінде жайлы жағдайда өсіп, білім алуға мүмкіндік алады. Ол мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларға көрсетілген қамқорлық үшін алғыс білдірді.
Жаңа тұрғын үйде жалпы 638 пәтер қарастырылған. Оның 330-ы бір бөлмелі, 242-сі екі бөлмелі және 66-сы үш бөлмелі пәтерден тұрады. Он екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 59 мың шаршы метрден асады.
Тұрғын үй «Достық» шағын ауданын кешенді дамыту жобасының бір бөлігі саналады. Қазір мұнда мектеп жұмыс істеп, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен салынып жатыр. Ауданның дамуы тұрғындарға күнделікті қажетті қызметтерді үйіне жақын жерден алуға жағдай жасайды.

Алдағы уақытта шағын ауданда балабақша, мұз сарайы және конгресс-холл салу жоспарланған. Сонымен бірге өзге де әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар бой көтермек. Ұзындығы шамамен 4,5 шақырым болатын жаңа трамвай желісін 2027 жылы іске қосу көзделіп отыр.
Павлодар облысында тұрғын үй құрылысының көлемі де артып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартысында өңірде 166 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 193 млрд теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 129,6 пайыз болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







