Павлодар облысында жыл басынан бері интернет алаяқтыққа қатысты 1116 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға аз. Полиция оң өзгерісті профилактиканың күшеюімен және дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуімен байланыстырады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Киберполиция алаяқтық схемаларға қатысы бар деген күдікпен 17 адамды ұстады. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Сонымен қатар 11 байланыс белсендірушісінің әрекеті тоқтатылды.
Дропперлер ұрланған ақшаны қабылдау немесе қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк картасы мен шотын үшінші тұлғаға береді. Мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жауапкершілік күшейгеннен кейін алаяқтар шетел азаматтарын тартуға тырыса бастаған.
«Hi-Tech» және «Anti-Fraud» шаралары кезінде 50-ден астам мобильді құрылғы, 200 банк және SIM-карта, екі SIM-бокс тәркіленді.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты цифрлық кеңістікте де бірдей сақталуға тиіс. Интернет алаяқтықпен күрес полицияның ғана міндеті емес. Банктердің жедел бақылауы, азаматтардың қырағылығы және күмәнді операция туралы дер кезінде хабарлау ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Өңірде банктермен бірлескен антифрод жүйесі қолданылады. Ол күмәнді қаржы аударымын анықтап, қаражатты жедел бұғаттауға мүмкіндік береді. Халықаралық аударымға қатысты апта сайын екі-үш алаяқтық әрекеттің жолы кесіледі.
Полиция бейтаныс адамға SMS-код, карта дерегі мен шот мәліметін бермеуге шақырады. Күмәнді сілтемеге өтуге және белгісіз адаммен бейнебайланыс орнатуға болмайды. Алаяқтық байқалса, уақыт жоғалтпай 102 нөміріне хабарласу қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







