Танымал журналист, тележүргізуші Дана Нұржігіт Олимпиадаға қатысқан азаматтарды сынамауға шақырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Журналист спортшылардан кешірім сұратуды қою керек деген пікірде
«Сыртта жүріп, қолдан келгенше еңбек еткен азаматтардың үлкен басын кішірейтіп, кешірім сұратуды қою керек! Бұл — популизм. Елге оралғанда кеткен қатені іскерлік ортада сауатты талқылау деген болады. Мынау өз азаматтарымызды тұқырту, жігерін құм қылу. Қан мен термен келген күміс алтыныңнан кем емес. Ер жігіт Отаны үшін осылай шайқасады. Нұрбегім жарады. Бұл күміс бар аотыннан бағалы!» — деді журналист.
Бұған дейін бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж Олимпиадасын қорытындылап, шағын сұхбат берді.
«Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді.
Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяққа нық тұрарына сенемін.
Финалға келер болсақ, иә, Александр Хижняк толассыз шабуыл жасады. Бірақ оның соққыларының соңы ғана тиді Нұрбекке. Ал дәл әрі таза соққыларды біздің жігіт тигізді. Оны қайталаудан да көрген шығарсыздар», — деді Мырзағали Айтжанов.
Айта кетейік, 80 келідегі Нұрбек Оралбай елге күміспен оралады.