Игорь Викторович Першуков – профессор, медицина ғылымдарының докторы, философия докторы (PhD), Американдық кардиология колледжінің толық мүшесі (FACC), Американдық жүрек-қан тамырлары ангиографиясы және интервенциялары қоғамының толық мүшесі (FSCAI), Жалалабат мемлекеттік университетінің сәулелік диагностика және онкология курсы бар госпитальдық терапия кафедрасының меңгерушісі, Оңтүстік өңірлік жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми орталығы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қан ұю жүйесі мен тромбоздың қауіптері туралы баяндап берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Орысша айтқанда, пештен бастайық. Яғни, гемостаз процесінің өзін түсінуден бастайық. Адам ағзасында бір-біріне қарама-қарсы процестерді реттейтін көптеген әртүрлі жүйелер бар. Осындай жүйелер жұбының біріне гемостаз-тромболизис (немесе антикоагулянттық және фибринолитикалық жүйелер) жүйелері жатады.
Гемостаз жүйесі – бұл қанды сұйық күйде ұстап тұратын, тамырлар зақымданған кезде қан кетуді тоқтататын және жазылғаннан кейін түзілген тромбтарды ерітетін күрделі биологиялық жүйе.
Жүйенің негізгі қызметтері мен компоненттері
Жүйенің басты қызметтері:
- Қалыпты жағдайда қанның сұйық күйін сақтау.
- Тамыр қабырғалары жарақаттанған кезде қан кетуді тоқтату (гемостаз).
- Тамырдың тұтастығы қалпына келген кезде қан ұйыған түйірлерді еріту (фибринолиз).
Негізгі компоненттері:
- Тамыр қабырғасы (эндотелий) – тамырлардың тарылуы мен қанның ұюына әсер ететін заттарды бөліп шығарады.
- Тромбоциттер – зақымдалған жерді алғашқы секундтарда жабатын қан жасушалары.
- Плазмалық ұю факторлары – тығыз ұйындының түзілуінің тізбекті реакциясын іске қосатын қандағы арнайы ақуыздар (олардың саны 13-тен асады).
- Антикоагулянттық және фибринолитикалық жүйелер – ағзаны тромбтардың шамадан тыс түзілуінен қорғайтын механизмдер.
Қандағы ұю және ұюға қарсы процестер арасындағы тепе-теңдік – біздің ағзамыздың өмір сүруінің қажетті шарты. Бұл тепе-теңдіктің бұзылуы ауыр салдарға: қан кетуге немесе тромб түзілуіне әкеледі.
Бұл тепе-теңдікті екі «қарама-қарсы» міндетті шешетін ағзаның маңызды функционалдық жұп жүйелерінің бірі – гемостаз-тромболизис жүйелері қамтамасыз етеді: тамыр зақымданған кезде қан кетуді тоқтатады және тромб шектен тыс түзілгенде әрі тамырдың тұтастығы қалпына келгенде оны жояды.
«Егер осы жүйелер жұбында елеулі ақаулар пайда болса, олар көбінесе өмірмен үйлеспейді. Қанның ұюы өмірлік маңызы бар процесс: қан ұюының негізгі ақуыздары гендеріндегі мутациялар, әдетте, өлімге әкеледі», – деп атап өтті Игорь Першуков.
Гемостаз жүйесі біздің ағзамыздың көптеген жүйелерінің арасында өлімге әкелетін тікелей себеп ретінде абсолютті бірінші орынды иеленеді: адамдар әртүрлі аурулармен ауырады, бірақ көбінесе қан ұю жүйесінің бұзылуынан көз жұмады.
Мәселен, гемофилияны (қанның ұюының бұзылуын) «патшалық» ауру деп атайды, себебі ол британдық Виктория патшайымның ұрпақтары арасында тұқым қуалап берілген. Оның балалары мен немерелері бүкіл Еуропаның билеуші әулеттерінің өкілдерімен некелескен. Британ королевасы Виктория өзі ауырмағанымен, зақымдалған генді тасымалдаушы болған. Ауру X-хромосома арқылы беріледі.
Әйелдер әдетте белгілерсіз тасымалдаушы болады, ал негізінен ер адамдар ауырады. Еуропа монархтары арасындағы жиі әулеттік некелердің салдарынан ген Германия, Испания және Ресейдің корольдік және патшалық отбасыларына таралған. Ресейде гемофилиямен Николай II-нің ұлы – цесаревич Алексей Романов ауырған, бұл аурудың орыс мәдениетінде «патшалық» дерт атануына себеп болды.
Тромбоз қалай түзіледі?
Тромбоз қан тамырларының ішкі қабаты – эндотелий зақымданған кезде пайда болады. Оның (тромбтың) түзілуіне қан жасушалары – тромбоциттер және қандағы арнайы ақуыздар – плазмалық ұю факторлары қатысады. Бұл ақуыздар тығыз ұйындының (фибриннің) түзілуінің тізбекті реакциясын іске қосады.
Тромбоциттердің бастапқы жасушалардан түзілуінен бастап тамырдың зақымдануына жауап беруіне дейінгі реакцияларын тромбоцитарлық факторлар анықтайды, олардың саны өз кезегінде 22-ге жетеді.
Мұның бәрін не үшін білу керек?
Тромбоз осы факторлардың барлығына байланысты болғандықтан, біз олардың жай-күйін біле отырып, тромб түзілуінің шамадан тыс қауіптері туралы белгілі бір деңгейде айта аламыз.
Неліктен тек белгілі бір дәрежеде ғана? Себебі белгілі сияқты, онымен күресу керек емес пе? Әрине, күресуге болады және қажет: қан ұю жүйесінің бұзылуын диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері үнемі жасалып келеді.
«Бірақ мәселе мынада: қанның ұюы – қан айналымы жүйесі зақымданған кезде іске қосылатын және сұйық қан плазмасын жараны тығын тәрізді бітеп, қан кетуді тоқтататын қоймалжың ұйындыға айналдыратын өте күрделі әрі көп жағдайда әлі де тылсым биохимиялық процесс. Бұл жүйенің бұзылуы өте қауіпті және қазіргі әлемдегі өлім мен мүгедектіктің басым бөлігіне себеп болады», – деді дәрігер.
Адамға қандай тромбоздар қауіп төндіреді?
Тромбоздың түзілетін орны қағидатты түрде маңызды. Сондықтан біз артериялық және веналық тромбоздарды бөліп қараймыз, оларды емдеу және алдын алу тактикасы да әртүрлі.
Ең қауіпті артериялық тромбоздар:
- коронарлық артерияларда пайда болып, миокард инфарктін тудырады;
- миды қоректендіретін артерияларда пайда болып, ишемиялық инсультке әкеледі;
- қолқада және аяқтарды қоректендіретін артерияларда пайда болып, сан немесе сирақ артерияларының тромбозына әкеп соғады.
Ең қауіпті веналық тромбоздар көбінесе аяқтың терең веналарында (сирақта) түзіледі, және бұл терең веналар тромбозы (ТВТ) – өкпе артериялары мен олардың тармақтарының саңылауын жауып қалатын тромбтардың негізгі көзі болып табылады. Бұл өкпе артериясының тромбоэмболиясына (ӨАТЭ) немесе Батыста аталатындай өкпе эмболиясына әкеледі.
Яғни, тромбоз салдарынан болатын ең қатерлі әрі өлім деңгейі жоғары үш диагноз бар – бұл:
- миокард инфаркті;
- ишемиялық инсульт;
- ӨАТЭ.
Алайда осы диагноздардың әрқайсысы үшін қауіп факторлары әртүрлі және оларды әртүрлі жағдайлар қоздырады. Сондықтан тромбоздың ортақ бір ғана қаупі жоқ, тромбоэмболиялық жағдайлар мен асқынулардың түрлі қауіптері бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







