Қарашығанақ кенішіне қатысты Қазақстан мен халықаралық консорциум арасындағы арбитраж шешімі жылдың соңына дейін шығады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы 15 желтоқсан күні Энергі министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қарашығанақ жобасына қатысты дауды Лондондағы халықаралық арбитраж қарап жатыр.
«Арбитраж шешімін осы айда күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін нақты шешім шығуы тиіс», – деді ол.
Еске салсақ, Қазақстан былтыр Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы серіктестеріне қарсы 13 млрд және 3,5 млрд доллар көлемінде шағым түсірген еді. Тараптар арасындағы дау шығындарды есептен шығаруға қатысты туындаған болатын.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі қазір Қашаған консорциумына қарсы екінші, бұдан да көлемді шағым түсіруге дайындалып жатыр. Алайда оның нақты сомасы әзірге айтылмады.
«Үлкен арбитражға келсек, қазір құжаттарды жинап жатырмыз. Бұл істің нақты қаралуы 2026 жылдың екінші жартысында басталып, 2027 жылы жалғасуы мүмкін. Сол себепті қазір шағым сомасы туралы айту әлі ерте. Өйткені сот бұл істі әлі нақты қарауға қабылдаған жоқ», – деді Ерлан Ақкенженов.
Қарашығанақ кенішін Karachaganak Petroleum Operating (KPO) халықаралық консорциумы игеруде. Оның құрамына Eni (29,25%), Shell (29,25%), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) компаниялары кіреді.
Қазақстандағы үлеске көз тіккен Chevron мен Exxon: «Лукойлдың» тағдыры шешілетін сәт

