Қазақстанда депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді. Алайда бұл кепілдіктер азаматтардың барлық салымдарына толық көлемде таралмайды. Қандай салымдар кепілдікпен қорғалған, қайсысы қорғалмаған және оның себептері қандай екенін түсіндіреміз, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қандай салымдарға кепілдік беріледі
Қазіргі таңда салым сегментіне байланысты кепілдіктің мынадай ең жоғары мөлшерлері белгіленген:
– теңгедегі жинақ депозиттері бойынша – 20 млн теңге;
– теңгедегі өзге депозиттер, сондай-ақ шоттар мен карталардағы қалдықтар бойынша – 10 млн теңге;
– шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) бағалауынша, бұл кепілдік сомалары халық депозиттерін толық қамту тұрғысынан жеткілікті. Әрбір жеке сегмент бойынша кепілдік шоттардың басым бөлігін қамтуға мүмкіндік береді.
Салымшылардың қанша бөлігі қорғалған
Қалдығы 20 млн теңгеге дейінгі жинақ депозиттері бар, кепілдікпен толық қамтылатын шоттардың үлесі 93%-ды құрайды.
Қалдығы 10 млн теңгеге дейінгі депозиттік шоттар бойынша бұл көрсеткіш 99,8%-ға жетеді.
Шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңге көлеміндегі кепілдік салымшылардың көпшілігінің шотын қамтуға жеткілікті, себебі мұндай шоттардың 99,7%-ы толық қорғалған.
Жалпы алғанда, қазіргі уақытта ҚДКБҚ кепілдігімен салымшылардың барлық шоттарының 99,8%-ы толық көлемде қамтылып отыр.
Бұл кепілдіктер қаншалықты әділ
Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы (IADI) өз ережелерінде депозиттерді кепілдікпен қамту деңгейі белгілі бір шекте болуы, сенім ұялатуы және салымшылардың басым бөлігін қамтуы тиіс деп белгілейді. Сонымен қатар, депозиттердің айтарлықтай көлемі нарықтық тәртіпке бағынуы қажет. Яғни, салымшыларды қорғау мен нарықтық тәртіп арасында тепе-теңдік сақталуы керек.
IADI ұйымының 2023 жылғы жыл сайынғы сауалнамасының деректеріне сәйкес, кепілдікпен толық қамтылатын шоттар саны бойынша Қазақстан 32 елдің ішінде 6-орында тұр. Депозиттерді кепілдікпен қамту көрсеткіші халықаралық қағидаттарға толық сәйкес келеді.
Көптеген елдерде депозиттер бойынша кепілдік мөлшері жан басына шаққандағы ЖІӨ-ден 2-3 есе асады. ЕАЭО-ның өзге елдерімен салыстырғанда, Қазақстандағы кепілдік мөлшері ең жоғарылардың бірі (шамамен 44 мың доллар) және ол жан басына шаққандағы ЖІӨ-ден 3 есе көп.
ҚДКБҚ-да кепілдіктерге қаражат жете ме
ҚДКБҚ-да банк таратылған жағдайда адамдардың жинақтарын қорғайтын арнайы резерв қалыптасқан. Кепілдік өтемақы дәл осы қордан төленеді. Депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңға сәйкес, арнайы резервтің мақсатты мөлшері барлық кепілдендірілген депозиттер сомасының кемінде 5%-ын құрауы қажет.
Халықаралық тәжірибемен салыстырғанда Қазақстандағы арнайы резерв деңгейі айтарлықтай жоғары. Қазан айындағы жағдай бойынша ҚДКБҚ резерві 1,3 трлн теңгені немесе барлық кепілдендірілген депозиттер сомасының 5,9%-ын құрады.
Тиісінше, қордың арнайы резервінің қазіргі көлемі жеке тұлғалардың шоттарының басым бөлігін өтеуге толық жетеді. Толық материал The Tenge басылымында жарияланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







